Ұлыбританияда 1884 жылдан бергі ең ыстық жаз болды
Синоптиктер ұзаққа созылған аптап ыстықты жауын-шашынның аздығымен, тұрақты антициклондармен және климаттың өзгеруімен байланыстырды.
Маусым барысында елде аптап ыстықтың бес толқыны тіркелді. Құрғақшылық Англияның үштен екі бөлігін және бүкіл Уэльсті қамтыды.
2026 жылдың жазы Ұлыбританияда 1884 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан метеорологиялық бақылаулар тарихындағы ең ыстық жаз болды. Бұл туралы ұлттық метеорологиялық қызмет — Met Office хабарлады.
Маусым, шілде және тамыз айларындағы күндізгі және түнгі температураларды есептегендегі орташа көрсеткіш +16,5 градус болды. Бұған дейінгі рекорд небәрі бір жыл бұрын орнатылған — ол кезде орташа температура +16,1 градус болған. Тамыз айының соңындағы салқын ауа райы да жаңа рекордтың орнауына кедергі бола алмады.
Sky News мәліметінше, елде ауа температурасы +30 градус және одан жоғары болған 40 күн тіркелген. Бұған дейінгі рекорд — 1995 жылы тіркелген 34 күн. Әсіресе маусымдағы аптап ыстық тұрғындарға қиын тиді, себебі жоғары ылғалдылық пен ыстық түндер жағдайды ушықтырды.
Маусым айында Норфолк графтығындағы Лингвуд қаласында ауа температурасы +38 градусқа дейін көтерілді. Бұл — маусым айы үшін жаңа рекорд. Ол 1976 жылы тіркелген +35,6 градус көрсеткіштен асып түсті. Жалпы жаз бойы 54 метеостанцияда олардың жұмыс істей бастаған уақытынан бергі ең жоғары температура тіркелді.
Жаз маусымы орман өрттері мен құрғақшылыққа ұласты. Астық өнімі бақылау тарихындағы ең төмен көрсеткіштердің біріне айналды. Зерттеушілердің бағалауынша, мамыр мен маусымдағы аптап ыстық Англия мен Уэльсте 2700-ден астам адамның өліміне себеп болуы мүмкін.
Синоптиктер ұзаққа созылған аптап ыстықты жауын-шашынның аздығымен, тұрақты антициклондармен және климаттың өзгеруімен байланыстырды.
Met Office климатологы Марк Маккартидің айтуынша, адамның климатқа әсері болмаған жағдайда мұндай жаз мың жылда бір реттен де сирек болатын еді. Ал қазіргі климат жағдайында мұндай аптапты орта есеппен әр тоғыз жыл сайын күтуге болады.
Ұлыбританияның климат мәселелері жөніндегі министрі Кэти Уайт рекордтық жаз климаттың өзгеру салдары қазірдің өзінде қаншалықты айқын сезіліп отырғанын көрсеткенін айтты. Ол үкіметтің таза энергетиканы дамыту жоспарын жалғастыратынын растады.