23 Шілде 2026, 08:08 Фото: pexels.com

Ұлыбритания толықтай электронды визалар жүйесіне көшті

Ел үкіметінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, енді шетел азаматтарының жеке басы мен иммиграциялық мәртебесіне қатысты барлық мәлімет тек цифрлық форматта сақталады.

Ұлыбритания қағаз түріндегі визалардан толықтай бас тартып, электронды виза (eVisa) жүйесіне көшті.

Ел үкіметінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, енді шетел азаматтарының жеке басы мен иммиграциялық мәртебесіне қатысты барлық мәлімет тек цифрлық форматта сақталады. Осыған байланысты Ұлыбританияның көші-қон қызметі өтініш берушілердің төлқұжаттарына визалық жапсырмалар жабыстыруды тоқтатты.

Осы сәттен бастап елге кіруге берілетін барлық жаңа рұқсаттар электронды виза (eVisa) түрінде рәсімделеді, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұл жүйе Ұлыбританияда 2018 жылдан бері кезең-кезеңімен қолданылып келеді. Осы уақыт ішінде оны миллиондаған адам пайдаланған.

Билік электронды виза жүйесінің басты артықшылықтарының бірі қауіпсіздіктің жоғары деңгейі екенін атап өтті. Өйткені цифрлық жазбаларды жоғалту, ұрлату немесе қолдан жасау мүмкін емес. Сонымен қатар жаңа жүйе шекарада, сондай-ақ жұмысқа орналасу немесе тұрғын үй жалдау кезінде иммиграциялық мәртебені растау рәсімін жеңілдетіп, жылдамдатады.

Визаға өтініші мақұлданған азаматтарға электронды визаны рәсімдеуге арналған ілеспе құжат беріледі. Осы құжатпен визалық орталыққа барып, рәсімдеу процесін аяқтау қажет. Сондай-ақ Ұлыбританияға сапар алдында үміткерлер көші-қон қызметінің жеке кабинеті арқылы өз визасының мәртебесін тексеруі тиіс.

Сонымен қатар, 1 тамыздан бастап Египет те цифрлық туристік визалар жүйесіне көшеді, ал Сауд Арабиясы кіші қажылық (ұмра) жасауға арналған жаңа көп мәртелік визаны іске қосады.