Ұлыбритания саяхатшылар үшін шектеулерді түгел алып тастады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлыбританияға есік ашық, деп жазды «Хабар 24».
Ресми Лондон саяхатшылар үшін ковидтік шектеулерді түгел алып тастады. Енді екпе сертификаты да, ПТР тесттің де қажеті жоқ. Әуежайға бетпердесіз кіре аласыз.
Бұған дейін Біріккен Корольдікке ат басын тіреген әрбір жолаушы қайда тоқтағаны туралы есеп беріп, арнайы сауалнама толтыруы керек-ті. Ал екпе салдырмаған немесе вакцинаның толық курсын қабылдамаған саяхатшы елге келерде және келгеннен кейін ковид-тест тапсырып, коронавирус анықталған жағдайда оқшаулануы тиіс болатын. Алдағы жұмадан бастап, бұл талаптардың барлығы күшін жояды.
Лондондағы ең ірі әуежайлардың бірі Хитроу тіпті ғимарат ішінде бетперде тағып жүруді міндеттемейді. Үкіметтегілер мұндай жетістікті вакциналау бағдарламасының сәтті өтуімен байланыстырады.
Вакциналау деңгейі өте жоғары екенін білеміз. Біздің ел бұл тұрғыда көш бастап тұр. Жалпы әлемде де екпе салдыру бойынша ілгерілеушіліктер бар. Шынын айтқанда, бүгінде саяхаттау қауіпсіз бола түсті. Әлбетте, бұл ковидке шалдыққандар ережеге бағынбай, қыдырсын деген сөз емес. Бірақ көптен бері жақындарын көрмеген коронавирусы жоқ адамдар үшін бұл жақсы жаңалық болайын деп тұр. Қағазбастылық пен шектеулер алынып тасталса, ел аралау жеңілдей түседі, - деді Ұлыбритания көлік министрі Грант Шаппс.
Ресми статистикаға сәйкес елу екі миллионға жуық британиялық екпенің бірінші дозасын, қырық тоғыз миллион адам екінші және отыз сегіз миллионы бустерлік вакцинаны алып үлгерген.
Дей тұрғанымен, ковидке шалдыққандар саны көбеймесе, кемитін түрі жоқ. Өткен аптада төрт жүз мыңға жуық адамның вирусты жұқтырғаны белгілі болды. Бұл алдыңғы жеті күнмен салыстырғанда елу алты процентке көп. Ауруханаға түскендердің саны он жеті процентке өскен.
Еске салайық, осыдан үш аптадай уақыт бұрын Англияда қоғамдық орындарда маска тағу, көпшілік шаралар кезінде ковид-төлқұжат көрсету және үйден жұмыс істеу сияқты карантиндік шектеулер күшін жойғаны белгілі.