Ұлыбритания мен АҚШ-та елге келетіндерге қатысты карантиндік шектеулер қатаңдатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Енді АҚШ-қа келгісі келетін жолаушыларды коронавирустың жаңа түрін жұқтырмағаны туралы анықтаманы ұсынуға міндеттейді.

АҚШ Үкіметі елге келуге ниетті жолаушыларды ұшаққа отырмас бұрын коронавирустың мутацияланған түрін жұқтырмағаны туралы анықтаманы ұсынуға міндеттемек.

The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, бұл шара 26 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Денсаулық жағдайы жолға шығар алдын үш күн бұрын тексеріліп, әуекомпанияға ұсынылуы тиіс. Вирустан жазылып шыққан жолаушылар тиісті анықтаманы беруі қажет, - делінген хабарламада.

Егер коронавирусқа тест тапсырудан бас тартқан немесе тиісті анықтама ұсынылмаған жағдайда әуекомпания жолаушыға қызмет көрсетуден бас тартуға құқылы. 

Басылым мәліметінше, АҚШ-тың ірі әуекомпанияларының өкілдері жаңа нормаларға қарсылық білдірмеді. Алайда олар жаңа ережелер енгізілген жағдайда әуе тасымалы кезінде коронавирустың жаңа штаммына қатысты басқа да нормаларды қайта қарастыру керек деп санайды.

Ұлыбританияда да елге келетіндерге қатысты карантиндік шектеулер қатаңдатылды.

15 қаңтар жұма күнінен бастап Ұлыбританияға келетін жолаушылар COVID-19 ПТР-тестінің теріс нәтижесін көрсетуге міндетті, - деп атап өтті Ұлыбритания көлік министрлігі.

Бұл ретте 11 жасқа дейінгі балалар тестілеуден өтуге міндетті емес екені де айтылды.

Транспорттық коридор тізіміне енбеген елдерден Ұлыбританияға келетін жолаушылар ПТР-тест нәтижесіне қарамастан 10 күнге өзін-өзі оқшаулауы тиіс. Бұл ережеге көнбегендерге 500 фунттан бастап айыппұл салынады.

Жаңа ережелерге бағынбаған жолаушыларды тасымалдаған транспорттық операторлар да жауапқа тартылады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы