Ұлыбритания елшісі Ақтөбедегі Heriot-Watt University-дің кампусымен танысты
Қазіргі таңда кампуста 500-ден астам студент оқиды. Олар Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ шетелдерден келген жастарды қамтиды.
Қазақстандағы Ұлыбританияның елшісі Салли Аксуорси Heriot-Watt University-дің Ақтөбедегі кампусына жұмыс сапарымен келіп, оқу орнының инфрақұрылымы мен білім беру бағдарламаларымен танысты.
Сапар барысында елші университеттің ғылыми-зерттеу әлеуеті, халықаралық академиялық серіктестік бағыттары және заманауи материалдық-техникалық базасымен танысты. Сонымен қатар ол студенттермен кездесіп, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері, Ұлыбританиядағы тағылымдамалар және бірлескен зерттеу жобалары жөнінде пікір алмасты.
Университет ректоры Лаура Қарабасова Heriot-Watt кампусының білім беру жүйесі Ұлыбританияның жоғары білім стандарттарына толық сәйкес келетінін атап өтіп, халықаралық серіктестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Елші өз кезегінде қазақстандық студенттер үшін Ұлыбритания компанияларында және өндірістік кәсіпорындарда тәжірибеден өту мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсетілетінін айтты.
Ақтөбедегі кампуста «Электр энергетикасы», «Компьютерлік инженерия», «Мұнай инженериясы және энергия менеджменті» бағдарламалары бойынша білім беріледі. Сабақтарды Ұлыбритания, Шотландия, Дубай және Малайзиядан келген оқытушылар жүргізеді.
Қазіргі таңда кампуста 500-ден астам студент оқиды. Олар Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ шетелдерден келген жастарды қамтиды.
Бағдарлама аясында студенттер Дубай, Малайзия және Эдинбург кампустарында бір семестр оқу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар түлектер британдық және қазақстандық үлгідегі қос диплом алады.