Ұлыбритания азаматы ПТР тесті анықтамасы жоқтығынан еліне депортацияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлыбритания азаматы ПТР тесті анықтамасы жоқтығынан депортацияланды. Бұл туралы Көліктегі бас санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабұлов хабарлады.
Оның айтуынша, оқиға 24 қазанда Ақтау қаласы әуежайында орын алған.
24 қазанда 9 рейс келді. Рейстер арқылы 1 158 жолаушы келді, 951-інде анықтама болса, 207 қазақстандықта анықтама болмаған.
Атап айтсақ, Нұр-Сұлтанға 471 жолаушысы бар 4 рейс келді, 385-інде анықтама болса, 86-сы анықтамасыз.
Алматы қаласына да 588 жолаушысы бар 4 рейс келді. Олардың 472-сінде анықтама бар, ал 116 жолаушыда ПТР тест анықтамасы жоқ.
Ал Ақтауға 99 жолаушысы бар 1 рейс келді. 94 жолаушыда анықтама болса, қалған 5 азаматта анықтама жоқ.
Анықтамасыз келген қазақстандықтар ПТР анализін тапсыру үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтау қалаларында карантин стационарына жатқызылды.
Айта кетейік, жолаушылар Түркия, БАӘ, Беларусь және Египет халықаралық әуерейстері арқылы келген.