29 Қараша 2026, 16:52 Фото: istockphoto.com

Ұлыбритания әскери флотын лазерлік қарумен жабдықтау бағдарламасын екі есе қысқартты

Қорғаныс шығындарының қысқаруына байланысты DragonFire жүйелеріне тапсырыс төрттен екіге азайтылды.

Ұлыбритания үкіметі елдің әскери-теңіз күштеріне ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы қолданылатын DragonFire лазерлік жүйелерін жеткізуге арналған тапсырыс көлемін екі есе азайтты. 

Британияның The Sun газетінің Қорғаныс министрлігіндегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, бұған дейін билік лазерлік қару сатып алуға 1 миллиард фунт стерлинг (1,31 миллиард доллар) бөлуді жоспарлаған. Алайда бағдарламаға бөлінетін қаржы екі есе қысқартылып, тапсырыс берілген қондырғылар саны төрттен екіге азайтылған.

Сонымен қатар DragonFire жүйелерін жеткізу 2028 жылдан ерте басталмайды. Бастапқыда жеткізілімді 2027 жылы бастау жоспарланған болатын.

Басылымның мәліметінше, мұндай шешім қорғаныс шығындарының қысқаруына байланысты қабылданған. Бұған дейін The Times газеті алдағы төрт жылда Ұлыбританияның қорғаныс бюджетіндегі тапшылық 28 миллиард фунт стерлингті (36,7 миллиард доллар) құрайтынын хабарлаған.

2025 жылғы қарашада Еуропаның қорғаныс компаниясы MBDA-ның Ұлыбританиядағы бөлімшесі елдің әскери-теңіз күштеріне DragonFire лазерлік жүйелерін жеткізу туралы 316 миллион фунт стерлинг (413 миллион доллар) сомасына келісімшарт жасасқан.

Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, лазерлік жүйелерді қолдану дәстүрлі зымыран қаруын пайдаланумен салыстырғанда әлдеқайда арзанға түседі.