Ұлыбритания 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынуы мүмкін
Ұлыбритания үкіметі 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Үкімет бұған дейін интернеттегі қауіпсіздік туралы заң қабылдап, оны бұзған компанияларға ірі көлемде айыппұл салуды ұйғарғаны белгілі. Балаларға зиянды контент көрсеткені үшін платформалар табысының 10 пайызын төлеуге міндеттелді. Бірақ бұл аздық етеді деп шешкен билік енді 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу қоймақ.
Қазір осы мәселе бойынша ақылдасып жатырмыз. Болашақта балалар әлеуметтік желілерді пайдаланбас бұрын ата-анасының рұқсаты сұралатын болады, - деді Ұлыбританияның ғылым министрі Эндрю Гриффит.
Инстаграм мен пинтерест желілерінен зиянды контент көріп, өз-өзіне қол салған 14 жасар Молли Расселдің отбасы қайырымдылық қорын ашқан болатын. Қор қызметкерлерінің пікірінше, теле-радио эфирі мен интернеттегі ақпаратты қадағалаумен айналысатын Офком агенттігіне қосымша өкілеттіктер берілу керек.
Әлеуметтік желілер тәуелділік туғызып, шындыққа жанаспайтын жасанды әлемге жетелейді. Ол жасөспірімдер отыратын орын емес. Сондықтан реттеуші органның қызметін күшейту керек, - деді қоғам белсендісі Бибон Кидрон.
Қайырымдылық ұйымдары мен белсенділер 2017 жылдан бері ғаламтордағы қауіпті контентпен қатаң күрес жүргізуге шақырып келеді. Арнайы заң өткен күзде қабылданбас бұрын өте ұзақ тексеруден өткен болатын. Балаларды қорғауға арналған қайырымдылық ұйымының пікірінше, соңғы 6 жыл ішінде ғаламторда балалар өміріне қауіп төндірген 35 мыңға жуық қылмыс тіркелген.