Ұлы Жібек жолының ізімен: "Jibek Joly" турпойызы жолға шықты
Алматыдан дәстүрге айналған "Jibek Joly 6.0" туристік пойызы тағы да сапарға аттанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол – күзгі саяхат маусымының символына айналып үлгерген жоба. Биылғы бағыт Республика күніне орайластырылып, Ұлы Жібек жолының тарихи орындарын қамтиды.
24–30 қазан аралығында қатысушылар Алматы – Түркістан – Отырар – Самарқанд – Бұхара – Ташкент – Алматы бағытындағы маршрутты еңсереді. Жоба «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының, ҚР Туризм және спорт министрлігінің және «Қазақстан туризм индустриясы» Республикалық қауымдастығының қолдауымен жүзеге асуда. Ал оператор міндетін Khan Turan Travel компаниясы атқарып отыр.
«Jibek Joly» жобасы теміржол саяхатының жайлылығын мазмұнды мәдени бағдарламамен ұштастырады. Туристер ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген көне ескерткіштерді аралап, Отырар мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесін тамашалайды, сондай-ақ шеберлік сабақтары мен театрландырылған көріністерге қатысады.
Биыл жобаға Түркия, Ресей, Қырғызстан, Венгрия, Беларусь, Германия және АҚШ елдерінен келген қонақтар қосылды. Әр жыл сайын бұл бағытқа қызығушылық артып келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, "Jibek Joly" жобасы Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасының орталығы ретіндегі беделін нығайтуға, сондай-ақ тұрақты әрі танымдық туризмді дамытуға зор үлес қосып отыр.