Ұлы мерекенің түп тамырын, шығу тарихын білу, өзегін тану – мәні зор міндет

25 қазан ұлттық мереке ретінде 13 жылдан кейін қайта оралды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін атап өту туралы 29 қыркүйек күні заңға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осыған  орай, ұлттық сипатқа ие болған мерекені алыс аудандар қалай атап өткелі жатқаны жайлы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Бейсембайұлы Құсайынмен сұхбаттасқан едік.

–Егемендік туралы декларация қабылданған күн ұлттық сипатқа ие болды. Биыл алғаш рет атап өткелі жатқан мереке сіз үшін несімен маңызды?

–Біріншіден айтарым, аталмыш мерекенің мән-маңызы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен құрылтайда нақтылап айтты. Бұл декларация - егемендігіміздің бастауында тұрған маңызды құжат. Декларация қабылданған тарихи кезден бастап тәуелсіздігіміздің тағлымды белестерді басталды. Яғни бүгінгі жеткен жетістігіміз, қазіргі таңдағы қастер тұтқан құндылықтарымыз декларация қабылданған сол бір жарқын күннен бастау алады. Екіншіден, аталмыш мереке еліміз үшін таңсық емес. 25 қазан 2009 жылға дейін сән-салтанаты жарасып, тойланып келді. Тек «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға өзгеріс енгендіктен, күнтізбемізден түсіп қалғаны белгілі. Енді Президентіміздің пәрменімен аталмыш айшықты күн лайықты дәрежесінен көрініп, мәртебеге ие болды. Үшіншіден, еліміздің бүгінгі жетістіктерін қадір тұтып, кемел келешегін көксейтін азамат ретінде осы арайлы мерекеде республикамыздың бағындырған асуын биіктетіп, игерген тәлімін тереңдетіп, өрісін кеңейтіп, өнегесін өркендететін шараларға қозғау салатын мерейлі мереке екеніне шүбәсіз сенемін және осы елдік мұрат жолында баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейді деген ойдамын. 

–Сізше, тарихи күнді атап өткенде науқаншылыққа айналдырмай, тәуелсіздік жолындағы халқымыздың тарихи еңбегі мен еркіндігін құрметтеудің символына қалай айналдыра аламыз? 

–Еліміздің жеке-дара мемлекет атанып, Қазақстан Республикасы деген атаумен әлем картасына енуі күрделі тарихи процестер арқылы жүзеге асты. Бүгінгі той, бүгінгі мерекенің түп тамырын, шығу тарихын білу, өзегін тану, сол арқылы қадір-қасиетін білу – мәні зор міндет. Бір нәрсе ақиқат – қазақ халқы ұзақ ғасыр бойы армандаған өз алдына дербес ел атану, етек-жеңін қымтап, шекарасын бұзылмастай, іргетасын мызғымастай етіп бекіту мұратына жеткеніміз. Бүгінде өз алдымызға отау көтеріп, республика атанып отырғанымыз да ата-бабамыздың сан ғасырлық күресі мен ұмтылысының жемісі. Азаттықтың айшықты қадамдарын, халқымыздың ерік-жігерін еліміздің барлық өлкесіндегі шежірелі тарих шертіп бере алады. Осы тарихтың тәлімі мол парақтарынан қазақтың ежелгі атамекенінің бірі Қарқаралы өңірі тиісті орын алған. Өлкеміздің құнарлы тарихының қай парағын ашып қарасаң да, ұлтымыздың тарихына қатысты талай тағылымды кезеңдерге көз қанықтырамыз. Ұлт тағдырына қатысты бір ғана мысалға тоқталсақ, қазақтың мұң-мұқтажы, талабы мен жанайқайы айқын айтылған «Қарқаралы петициясының» патшаға жолдануы тарихи өлшеммен қарағанда күні кеше ғана болған оқиға іспеттес. Шежірелі Қарқаралы - халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, ұлы күреске бел буған алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Ақбайдың Жақыбы, Ақайдың Хасені, Әлімхан Ермеков, өр Мәди сынды аяулы тұлғалар жасаған ұлы істердің куәсі. 

«Қарқаралы петициясының» жаппай қолдауға ие болып, халықтық құжатқа айналуына Қоянды жәрмеңкесінің саяси-әлеуметтік ролі ерекше. Алаш зиялыларының халықтың көзін ашып, санасын оятуда, ойын қозғап, намысын қайрауда, елдік мұраттарға ұлтты ұйыстырудағы игі мақсаты осы Қарқаралыда бой көтерді. Аталмыш петицияда қазақтың талай көкейкесті мәселелері қозғалғанын білеміз. Соның бірі - білім мәселесі. Сол бір өтпелі кездерде қыр өлкесінде қазақ мектептері ашыла бастады. Сондай білім ошақтарының бірі - Қарқаралы уезіндегі Ақтерек ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы қалыптаған мектеп. Ахаңның ізгілікті ізі қалған сол мектептің ғимараты сол бір дүбірге толы дәуірдің белгісіндей бүгінгі күнге дейін сақтаулы. Кезінде ондай білім ошақтары уездің жер-жерінде ашылды деген ойдамын. Яғни, Қарқаралы Алаш күресінің алғашқы баспалдағы, ұлт санасы оянуының өрісті өлкесі, ұлттың үні еркін шыққан биік мінбер болғаны айқын. Мемлекеттіліктің мәні мен мәртебесін айтқанда, ұлттың санасы оянып, болмыс-бітімінің қалыптасуына ықпал еткен осындай тарихи кезеңдерді ұмытпағанымыз жөн. 

–Қазақ елі үшін мәні мен маңызы бөлек ұлттық мерекені қасиетті Қарқаралы жері қалай атап өтпек? Мерекеге дайындықтарыңыз қандай?

–Бұл мерекеміз біраз уақыт тойланбағандықтан, оны қайта жандандыру, халық санасында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Республика күні мерекесін лайықты дәрежеде атап өту үшін кешенді жоспар жасалып, дайындық жұмыстары қолға алынды. Елдімекендерді мерекелік безендіруден бастап, білім ошақтары, мәдениет орталықтарында, кітапханаларда тиісті үгіт-насихат, мәдени-көпшілік шараларын өткізу көзделген. Мереке аясында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған тарих пәні мұғалімдерінің ғылыми-практикалық конференциясы өткізіледі. Алаш қайраткерінің тасқа қашалған бейнесін білім бөлім ғимаратының алдына орналастырсақ дейміз. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы аталмыш күннің маңызы мен мәні туралы материалдар жариялап, қоғамдық пікір қалыптастыруға бағытталған шаралар қолға алынды. Мерекелік жәрмеңкелер, әлеуметтік сауалнамалар, танымдық көрмелер, патриоттық мәндегі челлендж, семинар, спартакиада, байқаулар мен спорттық сайыстар ұйымдастыру жоспарланды. Аталмыш шаралар арқылы мерекенің мәртебесін көтеріп, саяси, тарихи, әлеуметтік маңызын арттыру көзделіп отыр.  

–Мерекеде аудан тұрғындарын қуантатындай қандай жаңалықтарыңыз бар? Қарқаралы ауданындағы биылғы жылы атқарылған жұмыстарыңыз жайлы айта кетсеңіз?

Жалпы алғанда, Қарқаралы ауданында орналасқан 23 ауылдық округ, 61 елді мекенде тұратын 35 мың халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта ауданымызда бірнеше ірі жоба жүзеге асуда. Көптен бері қордаланған, халықтың көкейінде жүрген мәселелердің шешімін табуға жұмыстар жасалып жатыр. Алдымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауында атап көрсетілгендей, жергілікті жерлердегі жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қарағанды облысына келген сапарында осы мәселені тағы қозғап, Қарқаралы мен Қарағанды аралығындағы жолды жөндеуге, осы арқылы Қарқаралы туризмін дамытуға нақты тапсырма берген болатын. Осы мақсатта биыл аталмыш жолға орташа жөндеу жұмыстары басталып кетті. Биыл он шақырымына жөндеу жасалса, келер жылы қосымша 74 шақырымына жөндеу жүргізілетін болады. Туризмді дамыту бойынша Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында іргелі жобаларды жүзеге асыру жоспарымызда бар.

Жалпы аудан жолдарын жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілмек. Шалғай ауылдарға дейін жолдар жөнделіп, өмірі асфальт төселмеген ауылдардың жолдарына асфальт салынуда. Жолдардың сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды үнемі назарда ұстап, жалғастыратын боламыз. 

Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жобалар жүргізілуде. «Жарлы-Қарқаралы» топтық су жүйесінің құрылысын  келесі жылы аяқтау жоспарда тұр. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 4 ауылда іргелі бастамалар қолға алынған. Қарағайлы кентінде ауыз су және кәріз жүйелерінің құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Ауыз су бойынша Теректі, Аппаз, Бүркітті ауылдарында жұмыстар жүргізілуде. Осы жоба аясында Егіндібұлақ ауылында денешынықтыру-спорт кешені құрылысын таяу арада аяқтап, қараша айында пайдалануға беретін боламыз. Осындай кешен құрылысын Көктас, Бүркітті, Нұркен ауылдары, Қарағайлы кентінде салудың құжаттамалық жұмыстары басталды. Сондай-ақ, жоба аясында ауыл көшелері жөнделіп, білім, мәдениет ошақтарын жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасатын болады. 

–Келер жылға жоспарларыңыз қандай?

–Келер жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасына тағы қосымша 6 ауыл енгізілген. Бұл ауылдарды дамыту үшін үлкен мүмкіндік екені анық. Қазірде жоба аясына еніп отырған ауылдар мен жауапты бөлімдер тиісті ірі жобаларды даярлап жатыр. 

Сонымен қатар, келесі жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 20 елді мекенде медициналық нысандардың құрылысын бастау көзделуде. 11 медпункт, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 отбасылық-дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда. 

Бұнымен қоса, 2024 жылы Қарқаралы қаласының 200 жылдығы аталатын болады. Әрине, Қарқаралының тарихы әлдеқайда тереңде. Бұған өңіріміздің бай тарихы, бағзы замандардан қалған жәдігерлер, қазба жұмыстары негнізінде табылған ежелгі мұралар дәлел бола алады. 2012 жылы дауылпаз ақын Қасым Аманжолов атындағы ауылдық округіндегі Талды қорымынан Алтын адам табылғаны да белгілі. Яғни, өлке тарихы 200 жылдықпен өлшенбейді.

Дегенмен аталмыш мерейтой асында өлкеміздің бай шежіресін жаңғыртып, қаланы көркін арттыру жұмыстары көзделіп отыр. Қаланың орталығында орналасқан Әлихан Бөкейхан мен Тоқтар Әубәкіров атындағы көшелерді толығымен реконструкциялау, яғни қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Қала басында 32 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысын аяқтап, пайдалануға береміз. 

Қ.Аманжолов ауылдық округінің орталығы Талды ауылында биыл басталған жаңа мектеп құырылысын аяқтау жоспарда. 

Сонымен қатар, биыл жүргізіліп жатқан ауыз су тарту, жолдарды жөндеу бойынша жобаларды сапалы жалғастыру, оптикалық-талшықты интернет байланысының ауқымын кеңейтіп, ауыл тұрғындарын интернет желісімен қамтамасыз ету үнемі назарда. 

Жалпы алғанда, өндірісімізді өрге оздырып, ауыл шаруашылығын алға бастыратын, кәсіпкерлікті кеңейтіп, туризмді дамытатын ауқымды жұмыстар жоспарлы түрде жалғаспақ.  

–Ұлттық мерекені отбасыңызбен бірге қалай қарсы аласыз?

–Бұл мереке - ең алдымен халықтық мереке. Ұлттық мерекені ұлықтау -еліміздің әрбір жанұясына ортақ мүдде. Ұйымдастырылып жатқан мерекелік шаралардың куәсі болып, елдің қуанышын бөлісіп, мерейлі күндерді мерекелеуге қатысамыз. 

–Келе жатқан мерекеге орай қазақстандықтарға тілегіңіз?

–Мен елімізге әуелі бейбітшілік пен тыныштық тілегім келеді. Қазіргі алмағайып заманда бейбіт тіршілік, достық пен келісім өте керек құндылықтар. "Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз" деген Алаш аманатына адал болғанымыз дұрыс. Бойымыздағы бар біліміміз де, жиған тәжірибеміз де ел мүддесіне, елге қызмет етуге жұмсалсын деген тілектемін.

Әрбір қазақстандыққа мықты денсаулық, жанұялық бақыт тілеймін. Мемлекетіміз қарыштап алға басып, мерейлі сәттеріміз көбейе берсін!

Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы