Иран тұрғындарына мұнай қоймаларындағы жарылыстардан кейін қышқылды жаңбыр болуы мүмкін екені туралы ескерту жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Иранның Қызыл Жарты ай ұйымы шұғыл хабарлама таратты. Онда жанармай қоймаларындағы жарылыстардан кейін атмосфераға улы көмірсутектер, күкірт және азот оксидтері таралғаны айтылған. Жауын-шашын түскен кезде бұл заттар қышқылды жаңбырға айналып, тері мен өкпеге қауіпті болуы мүмкін.
Тұрғындарға мүмкіндігінше үйден шықпау, терезелер мен саңылауларды дымқыл матамен жабу ұсынылды. Сондай-ақ қарапайым маскаларды қолданбау керектігі ескертілді. Егер жаңбыр тамшылары теріге тисе, оны тек суық сумен жуып тастау қажет.
Бұдан бөлек, ашық су көздерінен су ішуге және жануарларды ашық жерде қалдыруға болмайды.