«Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі Қызылжарға жетті

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылжар топырағында ҚР Тұңғыш Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын ту еткен «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалі өтті. Халқымыздың төл өнерінің мерекесі «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойына арналды.

Ұлан-байтақ қазақ даласының барлық өңірлерін қамтуды көздеген музыка фестивалі ұлтымыздың ұлы ақыны Абайдың кіндік қаны тамған Семей төрінде ашылған болатын. Одан кейін дәстүрлі өнердің көшін Павлодар, Шымкент және Қарағанды қалалары жалғады. Алмас Алматов, Ерлан Рысқали, Жәкен Омаров, Гүлмира Сарина, Батыржан Мықтыбаев, Шолпан Дәржанова сынды тыңдарманына кеңінен таныс өнерпаздар тобы фестиваль аясында Қазақстанның барлық шаһарларын аралап, өнер көрсетеді. Қызылжар өңірі аталған шараға Жанат Айтбаев, Біржан Есжанов, Еркебұлан Қаріпов, Олжас Сұрағанов, Айдос Ақылбеков, Жәмила Мұстафина, Бәйімбет Квайдулов сынды дәстүрлі өнерді жанына серік еткен әншілер мен күйшілерді қосты.


«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлттық құндылықтарымызды, төл өнерімізді дамытып, ел арасында дәріптеу мәселесіне баса мән берді. Өзінің 20 жылдық мерейтойына орай, «Нұр Отан» партиясы осы фестивльді ұйымдастырып, концерт өткізіп жатыр. Ұлттық өнеріміздің керуені бүкіл қазақ даласын аралап өтеді. Оған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан жиналған елге танымал өнерпаздер мен жергілікті жердегі орындаушылар қатысады. Бүгінгі күні ұлттық өнеріміздің кенжелеп қалғаны құпия емес. Төл мәдениетіміздің тобырлық мәдениеттің көлеңкесінде қалып қойған жайы бар. Бұл - осы олқылытқы толтыру мақсатында дер кезінде жасалып жатқан шара. Ұлттық өнер – қазақ халқына шеттен келіп жатқан лас пиғылдарға қарсы тұратын қалқан іспеттес», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали.


Жыраулық өнерді жалғаушы Алмас Алматов тізгінін ұстаған кеште сахна төрінде қазақ халқының дәстүрлі әндері мен термелері шырқалып, күйі күмбірледі. Өнерпаздарды зор ықыласқа бөлеген халық бірнеше әннен орындатты. Залда ине шаншар орын болмады.


«Еліміздің үлкен шаһарларында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылады. Шағын өңірлер тасада қалып қойып жатады. Тұңғыш Президентіміздің мақаласы өз жемісін беріп, ұлттық өнеріміздің бойына қайта қан жүгіріп жатқандай. Фестиваль бағдарламасына жас таланттар қосылып, халықты мүмкіндігінше ән және күймен сусындатып жатыр. Кей өңірлерде мектеп жасындағы балалар алғаш рет үлкен сахнаға шығуының кәусі болдық. Біз үшін ондай шақта танымал әншілермен қатарласып сахнаға шығу арман болатын. Жастардың аға буынмен бірге өнер көрсетіп жатқаны оларға шабыт сыйлап, дәстүрлі өнерге деген құлшынысын оятары сөзсіз», - деді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акдемиясының оқытушысы Шолпан Дәржанова.


«Ұлы даланың көне сарындары» фестивалі Қызылжар қаласына жеткенін естіген Жәдігер Алтаев ат арылтып ауылдан әдейі келіпті. Көрермен концерттен рухани азық алғанын айтты.

«Мұндай коцерт бізде жиі бола бермейді. Сондықтан алыс жерден келіп тұрмын. Жыршы, термеші, әнші, күйшілердің өнеріне тәнті болдым. Өзім де шамам келгенше Үкілі Ыбырай, Ақан серінің әндерін орындап жүрмін. Бүгін мен үшін ерекше күн болды. Үйге концерттен керемет әсер алып кетіп барамын. Осындай концерт тағы ұйымдастырылса, қайта келер едім», - деді ол.


Келесі концерт Қостанай қаласында өтеді. Семейде бастау алған дәстүрлі музыка фестивалі еліміздің 15 қаласын аралап, Талдықорған топырағында түйінделмек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы