Атырауда дәстүрлі әндер фестивалі өтті

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі әндер фестивалі өтті. Аталған шарада еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар бас қосты.

Фестивальдің басты мақсаты – өшкелі тұрған өнерді, ұмыт бола бастаған қазақтың ән-күйі мен жыр-термесін кеңінен дәріптеу, жастарды сол өнерге баулу.

Көмеймен жыр айту мектебінің үздіктерінен Алмас Алматов, Шолпан Дәржанова, Жәкен Омаров, Ерлан Рысқали секілді дәстүрлі өнер майталмандары шараға жиналған көрермендерге ерекше кеш сыйлады.


«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламаларын насихаттау және «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған республикалық «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі әндер фестивалі Атырау қаласына келіп жетті. Фестивальдің аты айтып тұрғандай дәстүрлі өнеріміздің мәңгілік екенін көрсету. Бұл дәстүрлі өнердің өміршеңдігі сол атадан балаға мұра боп келеді. Бүгін бірнеше мектептің орындаушылары өнер көрсетті. Бұл концерттік бағдарлама көрерменнің ғана емес, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген өнерпаздарымыздың да еңсесін көтерді», - дейді дәстүрлі әнші Манарбек Дәулетов.

2019 жылдың қаңтар айында Семей қаласынан бастау алған өнер фестивалі Көкшетау қаласында және Солтүстік Қазақстан облысында өткен. Аталмыш фестиваль шілде айында Жетісу жерінде қорытындыланады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы