"Ұлы дала" жай ұран емес: Депутат Конституция нормасын түсіндірді
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл Мәжілістің жалпы отырысында жаңа Конституция жобасын талқылау барысында тарихи сабақтастықтың мемлекет үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, тарих – мемлекеттің ең сенімді тірегі, ал жаңа Конституцияда бұл ұстаным алдыңғы қатарға шығарылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, Конституция жобасында мемлекеттің мыңжылдық даму тарихы, ұлттық мәдени коды мен басқару тәжірибесі құқықтық негізде нақты айқындалған. Осы тұрғыдан алғанда, «Ұлы дала» ұғымының Конституцияда көрініс табуы тарихи сабақтастықты құқықтық деңгейде бекітудің айқын дәлелі.
Еркін Әбіл «Ұлы дала» ұғымын эмоциялық немесе поэтикалық тіркес ретінде қабылдауға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи кеңістігін, мәдени кодын және жауапкершілік философиясын бейнелейтін нақты ұғым. Тарихи сабақтастық елдің өткенін, бүгінін және болашағын жалғайтын құқықтық көпір іспетті.
Депутат бұл ұстанымның Қазақстанның өзіне ғана емес, өзге елдерге де мемлекеттің терең тамырын, ұлттық дәстүрін және өркениеттік сабақтастығын түсіндіретінін айтты.
Сонымен қатар ол тарихи сабақтастықты Конституцияда бекіту халықаралық тәжірибеге де сай келетінін атап өтті. Қытай, Венгрия, Польша, Литва секілді мемлекеттер өз Конституцияларында тарихи сабақтастықты ұлттық егемендіктің негізі ретінде нақтылаған.
Бұл елдер оны қауіп төндіреді деп қабылдады ма? Жоқ. Ол ешқандай артықшылық та, бөлінушілік те тудырмайды. Керісінше, мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығын нығайтады, – деді Еркін Әбіл.
Оның айтуынша, Қазақстан үшін де бұл – қисынды әрі әділетті қадам. Маңыздысы, аталған норма ешкімді бөліп-жармайды, керісінше, ортақ тарих пен құндылықтар төңірегінде қоғамды біріктіреді. Депутат бұл ретте Әбіш Кекілбаевтың «Елдікті, бірлікті сақтайтын – адамдардың ортақ ойы мен ортақ мүддесі» деген сөзін мысалға келтірді.
Еркін Әбіл ел бірлігі мен тұрақтылығы жас ұрпақ үшін де аса маңызды екенін атап өтті. Себебі, оның айтуынша, бұл ұғымдар ұлттық сананың беріктігімен тікелей байланысты.
Сонымен қатар депутат егемендік пен тәуелсіздік жаңа Конституцияның басты қағидаттары екенін айтты. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Осы орайда мемлекеттің унитарлы сипаты тұрақтылық пен біртұтастықтың кепілі ретінде көрсетілген.
Депутат қолданыстағы Конституцияда «Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деп көрсетілгенін еске салды. Ал жаңа Конституцияда бұл тұжырым нақтыланып, «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі – президенттік республика» деп айқындалған.
Оның айтуынша, бұл норма мемлекеттің аумақтық тұтастығын, құқықтық кеңістіктің бірлігін және басқару жүйесінің айқындығын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ Конституцияның 3-бабындағы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы» деген норма да нақтыланған. Бұл халықтың биліктің нақты субъектісі ретінде танылуы екенін атап өтті депутат.
Қарсы пікірлер болуы мүмкін екенін айтқан Еркін Әбіл, кейбіреулер бұл норманы билік бөлінісін әлсіретеді деп қабылдауы ықтимал екенін жеткізді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, егемендіктің нақты субъектісін көрсету биліктің заңдылығын күшейтіп, мемлекеттің тұтастығын нығайтады.
Осылайша, тарихи сабақтастық, «Ұлы дала» ұғымы, унитарлы мемлекет сипаты және халықтың егемендік иесі ретіндегі мәртебесі жаңа Конституцияның өзара тығыз байланысты негізгі тіректері болып табылады. Барлығы бірге мемлекеттің құқықтық, тарихи және мәдени негізін бекітіп, тұрақтылық пен бірліктің кепіліне айналады, - дейді Еркін Әбіл.
Депутаттың айтуынша, бұл құжат тек құқықтық негіз ғана емес, қоғамдағы келісім мен сенімнің берік тірегі болмақ.
Қорытындылай келе, Еркін Әбіл жаңа Конституцияны жаңа дәуірдің құқықтық қаңқасы деп атады. Ал «Ұлы дала» ұғымы мен тарихи сабақтастық осы қаңқаны мазмұнмен және рухани мәнмен толықтыратын өзек екенін айтты.
Тарихына сүйенген, егемендігін қорғай білетін, біртұтас мемлекеттілікті бекіткен ел ғана болашағын нық құра алады, – деп түйіндеді депутат.