Ұлы дала рухы. Үздік көкпар командасы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен бір ай бойы еліміздің барлық өңірінде аталып өткен дүбірлі дода – Ұлы дала рухы жастар фестивалі бүгін өз мәресіне жетті.

Ұлттық спорттың барлық түрінен сынға түскен облыстар мен үш қала өзара мықтыны анықтады. Бүгін астана іргесіндегі «Қазанат» атшабарында көкпар ойындарының финалдық кездесуі өтіп, фестиваль нүктесін қойды.

Сонымен Алматы облысы мен Жамбыл облысы жастары арасында өткен тартысты бәсекенің алғашқы айналымында-ақ «Әулие ата» жастары алымды екенін танытып үлгерді.

Соңғы бірнеше жылдан бері командалық көкпарда ерекше мықтылық танытып, Қазақстанда талассыз жетістікке жетіп келе жатқан Бақтияр Тоғайбаевтың шәкірттері бұл жолы да тамаша ойын көрсете білді.

Жас та болса алдыңғы толқын ағаларының жолын жалғап, ізін басып келе жатқан жастар ертең-ақ Қазақстан жастар құрамасының сапында емін-еркін атой салатынын байқатты.

Десе де Алматы облысы жастар құрамасы да оңай-оспақ емес екенін танытты. Азулы «Әулие ата» жастарымен үзеңгі қағыстыра ойнап, тіпті алғашқы таймда білек күштерінің мықты екенін бірнеше рет танытып, Жамбыл жігіттерінің тақымынан серкені суырып әкетті.

Бірінші таймда қара күшпен ештеңе шешілмейтінін түсінген Бақтиярдың палуандары екінші таймда ептілікке ауысты. Есеп – 9:3 – Жамбыл жігіттері топ жарды.

Осы орайда салым салған жас берендердің атын атай кетуді жөн көрдік.

«Әулие ата» құрамасынан – Рәт Бекзат – 1 салым, Шәкір Бекзат – 2 салым, Жақсылық Ерғалым – 3 салым және Әтібеков Есім мен Сүйіндік Аңсар бір-бір салымнан салды.

Ал Алматы облысына тиесілі 3 салымның біреуін Қалмақан Есдәулет, біреуін Сүйіндік Бәйкен, тағы біреуін Сауқымбек Дарын салды.

Сонымен Ұлы дала фестивалінде көкпардан Жамбыл облысы бірінші орын, Алматы облысы екінші орын алса, жүлделі үшінші орынды Ақмола облысы иеленді.

Ұпай сандары бойынша Жамбыл облысында – 9 салым, Алматы облысында – 11 салым және Ақмола облысында – 8 салым бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы