Нұр-Сұлтанда қаңтар айында Абай мерейтойының ресми ашылу рәсімі өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Абай Құнанбайұлының 175 және Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялардың отырысы өтті.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Ақордада Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиялардың кезекті отырысы өтті.
Отырысты ашқан Қырымбек Көшербаев аталған маңызды мерейтойлық шараларды жоғары мазмұндық деңгейде өткізу біздің елдігімізді, егемендігімізді, еңселі мемлекеттігімізді айшықтайтынын атап өтті.
"Біз осы ұлы тұлғалар арқылы қазақ даласында ежелден өркениеттің, ғылым мен білімнің, әдебиеттің өркен жайғанын бүкіл әлемге паш ететін боламыз. Сондықтан бұл мерейтойлар – бәріміз үшін үлкен сын, тарихи жауапкершілік", - деді мемлекеттік хатшы.
Жиында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі М.Тілеуберді, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов және басқа да баяндамашылар сөз сөйлеп, мерейтойларға дайындық барысы туралы мәлімет берді және ұсыныстарын айтты.
Мемлекеттік комиссия мүшелері келіп түскен ұсыныстарды мұқият талқылап, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарларды бекітті.
2019 жылғы желтоқсан айында мерейтойлардың бірыңғай символикасы белгіленген брендбуктер бекітіледі.
Абай Құнанбайұлының мерейтойын мерекелеу жоспары 80 тармақты қамтиды, солардың ішінде ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, мәдени-ағартушылық іс-шаралар, медиалық жобалар және т.б. шаралар қамтылған.
Ұлы Абай мерейтойының ресми ашылу рәсімі 2020 жылдың қаңтар айында Нұр-Сұлтан қаласында салтанатты жағдайда өтеді.
Мерейтойлық жыл күнтізбесіне әлемде кең тараған Абай еңбектерінің тұсаукесері, белгілі абайтанушы-ғалымдардың, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция, Кембридж университеті музейіндегі іс-шаралар секілді ауқымды жобалар енді. Халықаралық іс-шаралар қатарында Мәскеуде өткізілетін салтанатты жиын мен Үлкен театрда қойылатын "Абай" операсы жоспарланған.
Мерейтой аясында Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын музеефикациялау және ақын есімімен байланысты тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Ұлы ойшыл жырлаған адамгершілік құндылықтарын кеңінен насихаттау мақсатында барлық оқу орындарында Абайдың туындыларын мәнерлеп оқу және мазмұндау бойынша ашық сабақтар мен байқаулар өткізіледі. Жастарды мерейтойлық шараларға жаппай тарту мақсатында фестивальдар, биенналелер, инсталляциялар, перфоманстар және өзге де креативті іс-шаралар өткізу көзделіп отыр.
Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарда ұлы философтың мұрасын зерделеп, мәнін түсінуге бағытталған 50-ден астам іс-шара қамтылған.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев іс-шаралардың Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әл-Фараби идеяларын жастар арасында насихаттауға, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді жандандыруға бағытталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
2020 жылдың қаңтар айында мерейтойды мерекелеудің ресми рәсімі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Әл-Фараби орталығының" халықаралық тұсаукесерімен басталмақ.
Елордада ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО аясында "Әл-Фараби және әлемдік өркениет" атты халықаралық ғылыми симпозиум өткізілетін болады. Оған жетекші отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары және т.б. шақырылады.
Түркістан облысында арт-фестиваль ұйымдастырылып, оның аясында қолөнершілердің жәрмеңкелері, ұлттық ойындар бойынша жарыстар мен мерекелік концерттер өткізілмек.
Әл-Фарабидің мерейтойы аясында ЮНЕСКО-ның атсалысуымен гуманитарлық білім саласындағы әлемнің жетекші сарапшылары қатысатын халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр.
Отырыста Комиссия орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшыларына Абай мен Әл-Фарабидің мерейтойларын атап өту аясында жоспарланған іс-шараларды сапалы әрі уақтылы орындауға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
Жиынды қорытындылаған мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев "ұлтымыздың ұлы тұлғаларының мұраларын ұлықтау жұмыстарын мемлекет пен ұлттың құндылықтарына деген шынайы қатынас ретінде бағалау керек" деп атап өтті.