Ұлтын сүйетін ерді тәрбиелеу үлкен жауапкершілік - Мақсат Бектұрғанов
Ұстаз - бүкіл мамандық иесін оқытып, тәрбиелейтін асыл жандар. Ұстаздық қызмет өзіне үлкен жауапкершілік жүктеп, жас ұрпақты болашаққа бағыттап, жол сілтеуші . Бүгін Қазақстанда педагогтердің кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні. Осы орайда әскери салада ұстаз болып қызмет атқарып жүрген маман иесімен әңгімелескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кез келген адам өз саласының білікті маманы болуға тырысады. Себебі, білгір, сауатты, әрі өз ісінің шебері қай салаға болмасын ауадай қажет. Жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, ұлтжанды азамат болып ержетуінде мұғалімдердің алатын орны ерекше. Әскери салада да осы қызметті атқарып, талай жасты тәрбиелеп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі елордадағы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжінде әскери пәндер циклінің инженерлік дайындық жөніндегі оқытушысы майор Мақсат Бектұрғановты айтуға болады.
Мақсат Әмірханұлы колледждің 2-3 курс ұландары мен кадеттеріне әскери инженерлік дайындықтан дәріс береді. Мақсат өткен жылдың қазан айында оқытушы болып келген. Ол Құрлық әскерлері әскери институтының 2012 жылғы түлегі. Әскери оқу орнын командалық-тактикалық инженерлік әскерлерді басқару мамандығы бойынша бітірген жас лейтенанттың алғашқы еңбек жолы сол кездегі Қапшағай гарнизонына қарасты инженерлік-саперлік құрамада бөгеу взводының командирі лауазымынан басталады. Жас та болса, уақытпен санаспай өзінің кәсіби дағдысын жетілдіріп, командир ретінде үлгі болған.
Бала күнінен болашақта әскери адам болуды қалаған ол мектепте алғашқы әскери дайындық сабағынан дәріс берген мұғалімдерін де ерекше құрметпен еске алады. Мектептен соң әскери оқу орнын таңдауына ұстаздары да әсер еткен.
Ата заңымызда жазылғандай, Отан қорғау – еліміздің әр ер-азаматының қасиетті борышы. Қасиетті борышқа бүгінгі біз дәріс беріп, әскери дайындыққа баулып келе жатқан шәкірттеріміз де адал болады деп сенемін. Бүгінде әскерге қойылатын талап та жоғары. Жаңа заман әскері жаңа қарулар мен цифрлық техникаларды сауатты меңгерген, бастысы біліммен қаруланған сарбаз болуы қажет. Бұл бізден үлкен жауапкершілікті талап етеді, – дейді майор Мақсат Бектұрғанов.
Мақсат Әмірханұлы ұландар мен кадеттерге сабақ өткізгенде әр тақырыпқа ізденіспен келеді. Әскери тәртіп, әр ұланның өзін-өзі ұстауы, шыдамдылыққа бейімделу, қиын сәтте жалтарып қалмау, сабақта өткен тақырыппен шектеліп қалмай, еліміздің Қарулы күштері туралы тереңірек оқып-білгенін қалайды.
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж 2021 жылы әскери білім саласын жетілдіру мақсатында «Жас ұлан» республикалық мектебінің базасында құрылғанын білесіз. Негізінен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орнының қабырғасында бірнеше бағыттағы мамандар даярланады. Нақтырақ айтсақ, әскери істегі автоматтандыру, ақпараттық коммуникациялық технологиялар, қару-жарақ пен әскери техниканы техникалық қамтамасыз ету және жөндеу, радиациялық-химиялық бактериологиялық қорғаныс бөлімшелерін басқару, сондай-ақ инженерлік саперлік бөлімшелерді басқару мамандықтарына оқытылады, – дейді ол.
Мақсат кадеттерге инженерлік барлау, оқу минасын орнату, минасыздандыру, әскерлерді таза сумен, электр қуатымен қамтамасыз ету, өртті өшіру іс-шараларына қатысу секілді бірқатар инженерлік тапсырмаларды игеруден сабақ береді. Оқу орнының түлектері мамандығы бойынша диплом, кіші сержант атағын және жүгізуші курстарын аяқтағаны туралы куәлік алып шығады. Одан кейін кіші командир лауазымдарына тағайындалып, әскери бөлімшелерге қызмет атқаруға жіберіледі. Ал үздік бітірген түлектердің өз мамандығы бойынша оқуын жалғастыруы үшін жоғары әскери оқу орындарына емтихансыз түсуге мүмкіндіктері бар. Өз ісінің маманы Мақсат шәкірттеріне үнемі халқымыздың өткен тарихы, олардың даңқты жауынгерлік жолы туралы айтып отырады.
Оның айтуынша, әр батырдың ерлік жолы – балалардың жүрегіне ерлік пен қаһармандықтың нәрін сеуіп, Отан қорғауға деген шынайы ниетін шыңдау.
«Ұстазсыз шәкірт – тұл» дегендей, Мақсат та әскери саладағы, оның ішінде инженерлік мамандықтағы өз тәлімгерлерінің есімін құрметпен атайды. Олардың қатарында колледж бастығының орынбасары полковник Хамит Байкенов, Инженерлік әскерлер департаментінің бастығы полковник Руслан Жансейітовтер бар.
«Осы кісілерден үйренгенім көп, алғысым шексіз» деген Мақсатқа біз де әрдайым жақсы шәкірт тәрбиелеп, солардың құрметіне бөлене бер дегіміз келеді.