Ұлттық жоба отандық өнеркәсіпті қалай дамытады?
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы – тек ескі құбырлар мен желілерді жаңасына ауыстыру ғана емес. Бұл жоба елге бір мезгілде екі нәтиже беруі тиіс: бір жағынан жаңа желілер мен сапалы коммуналдық қызмет, екінші жағынан – қазақстандық кәсіпорындарға ұзақ мерзімді тапсырыс, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл мақалада осы екінші бағыттың – отандық өнеркәсіпті дамытуды қалай жүзеге асырылып жатқанын тарқатамыз.
Неге отандық өндіріске басымдық берілген
Елімізде энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту үшін құбырлар, кабель, трансформаторлар, сорғылар, қазандар, бекіту арматурасы, есептеу аспаптары, электр қалқандары, темірбетон бұйымдары мен құрылыс материалдары ауадай қажет. Бұл өнімдердің едәуір бөлігі Қазақстанда қазірдің өзінде шығарылады. Сондықтан Ұлттық жобаның басты басымдықтарының бірі – жаңғырту жұмыстарына отандық нақты кәсіпорындарды барынша кең тарту.
Бұл жерде маңызды бір ереже бар: шетелдік дайын тауарды импорттап, оны қайта сататын компания отандық тауар өндіруші болып саналмайды. Отандық өндіруші деп Қазақстан аумағында өнімді нақты өндіретін кәсіпорын ғана танылады. Әр өндіруші өзінің өнімі елде шығарылғанын, жобалау құжаттамасына сәйкес келетінін және қажетті техникалық сипаттамаларға жауап беретінін дәлелдеуі керек – яғни, шыққан тегі сапа талабын алмастырмайды.
Әрбір нысан бойынша отандық қамту үлесі бөлек есептеледі. Бұл көрсеткіш инфрақұрылымның түріне, жобалық шешімдерге және қажетті жабдықтың елде шығарылу-шығарылмауына байланысты өзгереді.
Қазірдің өзінде нәтиже байқалады
Қазақстандық өнім елдің әртүрлі өңірлеріндегі жылу, су және электрмен жабдықтау нысандарын жаңғырту кезінде белсенді қолданылып жатыр. Көптеген нысанда отандық қамту үлесі 95 пайыздан асады, ал жекелеген жобаларда бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін жетеді.
Дегенмен бір ғана көрсеткішті барлық нысанға бірдей қолдануға болмайды – жылу магистральдары, су тазарту құрылыстары мен шағын электр станциялары әртүрлі жабдықты қажет етеді, сол себепті әр жобаның өз ерекшелігі бар.
Қай кәсіпорын не шығарады
Жаңғырту жұмыстарына қатысатын отандық кәсіпорындар сала бойынша бөлінеді.
Жылу саласында «Павлодар құбыр прокаттау зауыты» ЖШС болат құбырларды, «Изоплюс Центральная Азия» ЖШС алдын ала оқшауланған құбырларды, «Азиякотломаш» ЖШС қазандық жабдықтарын, ал «Энергокомплект» ЖШС шарлы крандар мен жиынтықтаушы бөлшектерді жеткізеді.
Су саласында «СТЗ Арыстан» ЖШС полиэтилен құбырларды, «Amitech Astana» ЖШС шыныпластик құбырларды, «POLYTECH Astana» ЖШС сумен жабдықтау және кәріз жүйелеріне арналған құбырларды шығарады, ал өңірлік темірбетон бұйымдары зауыттары құдық сақиналарын, науалар мен плиталарды өндіреді.
Электр энергиясы саласында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ трансформаторлар мен комплектілі қосалқы станцияларды, «Казэнергокабель» ЖШС күштік және бақылау кабелін, «Казцентрэлектропровод» ЖШС кабель-өткізгіш өнімдерін, ал «Силумин-Восток» ЖШС үлестіргіш қалқандар мен басқару шкафтарын жеткізеді.
Бұл – отандық өндірушілердің тек жекелеген мысалдары. Нақты жеткізушілер әр жобада сатып алу рәсімдерінің қорытындысы және өнімнің техникалық талаптарға сәйкестігі бойынша анықталады.
Қарағанды облысы: болат металл инфрақұрылымға айналатын жер
Отандық өндірістің нақты мысалы ретінде Саран индустриялық аймағындағы «ТЭМПО Казахстан» ЖШС құбыр зауытын алуға болады. Өндірістік кешен 2025 жылдың 12 желтоқсанында пайдалануға берілді, ал 2026 жылдың екінші тоқсанындағы іске қосу-баптау жұмыстарынан кейін кәсіпорын сериялы өндіріске кірісті.
Цехта болат таспа біртіндеп құбыр пішініне енеді, жиектері түйісіп, тік дәнекерлеу жігі пайда болады, содан соң өнім тексеруден өтеді. Осылайша металл болашақ жылу, су құбыры немесе өнеркәсіптік желінің бір бөлігіне айналады. Зауытта диаметрі 57-ден 133 миллиметрге дейінгі, қабырғасының қалыңдығы үштен бес миллиметрге дейінгі дөңгелек құбырлар, сондай-ақ құрылыс пен өнеркәсіпке арналған шаршы қималы профильді құбырлар өндіріледі. Жаңа Құбыр-электрмен дәнекерлеу агрегаты-630 желісінің іске қосылуы кәсіпорынға диаметрі үлкенірек тік жікті құбырларды да шығаруға мүмкіндік берді.
Кәсіпорынның жылдық жобалық қуаты – 300 мың тоннаға дейін, өндірістің мәлімделген локализациялау деңгейі – 100 пайыз, өндірістік аумақтың ауданы – 27 гектар. Қазір мұнда 388 адам жұмыс істейді, ал зауыт жоспарлы қуатына жеткен кезде жұмыс орындарының саны 632-ге дейін артады. Кәсіпорын өнімі Қазақстан мен ЕАЭО елдерінің нарығына бағытталған.
Неге дәнекерлеу жігінің сапасы маңызды
Тік жікті құбыр өндірісі жоғары дәлдікті талап етеді – металдың қасиеттері, бұйымның геометриясы және дәнекерленген жіктің сапасы шешуші рөл атқарады. Құбыр пішінделгеннен кейін оның өлшемдері, беткі қабаты мен дәнекерлеу жігі міндетті түрде тексеріледі.
Бұл қалалық инфрақұрылым үшін жай ғана техникалық ұсақ-түйек мәселе емес: монтаждаудан кейін құбыр қысым астында жұмыс істеп, ұзақ жылдар бойы жүктемеге төтеп беруі тиіс. Сондықтан болашақ желінің сенімділігі дәл осы цехтан – металдың сапасы мен дұрыс орындалған бір ғана дәнекерлеу жігінен басталады.
2026 жылдың тамыз айында зауытқа Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен барды, онда кәсіпорынның қолданыстағы желілер мен құбыр ассортиментін кеңейту жоспарлары таныстырылды. Сол күні өңірде ЭКСЖ Ұлттық жобасы аясында жаңартылып жатқан жылу магистральдары, су тазарту құрылыстары, электр беру желілері мен қосалқы станциялар да көрсетілген.
Бұл тізбектің бір тарапын өндірістік өнімдер мен жабдықтар құраса, екінші тарапын мыңдаған тұрғындарды жылумен, сумен және электр энергиясымен қамтамасыз ететін инфрақұрылымдық нысандар құрайды. Саран индустриялық аймағындағы «ТЭМПО Казахстан» зауытын белгілі бір нысанның ресми жеткізушісі ретінде емес, елдегі ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыртуға қызмет етуге қабілетті жаңа өндірістік база ретінде қарастырған дұрыс.
Осылайша, ЭКСЖ Ұлттық жобасының басты ерекшелігі – инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған қаражат бір мезгілде Қазақстан өнеркәсібін дамытуға да жұмыс істеуі тиіс. Бұл жаңғыртудың екі жағынан да – коммуналдық қызмет сапасы тұрғысынан да, елдің өндірістік әлеуеті тұрғысынан да – ұзақ мерзімді нәтиже беруге бағытталған тәсілі.
Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20% қысқартуға бағытталған.