18 Қыркүйек 2026, 19:35 Фото: Үкімет

Ұлттық жоба: 14 нысандағы жұмыс толық аяқталды

Қанат Бозымбаев коммуналдық жобаларда отандық өнім үлесін арттыруды тапсырды.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен ЭКСЖ Жобалық кеңсесінің отырысы өтті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жиында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының қалай жүзеге асырылып жатқаны, келесі жылғы жобалардың дайындығы, сондай-ақ қаржыландыру, цифрландыру және отандық өндірушілерді жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.

Бүгінгі таңда алғашқы 14 нысанда жұмыстар толық аяқталды. Жалпы ұлттық жоба аясында 839 миллиард теңге болатын 347 жоба дайындалған. Оның 220-сы бойынша мердігер ұйымдар анықталса, 126 миллиард теңгенің 77 жобасында құрылыс жұмыстары мен құрал-жабдық сатып алу басталып кетті. Тағы 29 жоба қазіргі уақытта конкурс кезеңінде тұр.

Алғашқы аяқталған нысандар жеті өңірде орналасқан. Оларға салынған инвестицияның жалпы көлемі 27,3 миллиард теңгені құрады, ал конкурс нәтижесінде 975 миллион теңгеге жуық қаржы үнемделді. Жобалардың жетеуі Павлодар облысында, екеуі Батыс Қазақстан облысында жүзеге асты. Сонымен қатар Астана, Шымкент қалаларында, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жұмыстар аяқталды. Қазір бұл нысандарды пайдалануға беру үшін құжаттар рәсімделіп жатыр.

Қазірдің өзінде бірнеше өңірде бұл жұмыс нәтижесін көрсетті. Жетісу облысында 31 миллиард теңгеге 24 шарт жасалып, жұмыс басталды. Ал Қарағанды облысында 88,1 миллиард теңгені құрайтын 15 жоба бойынша келісімшарттарға қол қойылды.

Дегенмен 30 кәсіпорынға тиесілі 67 жоба бойынша құрылыс түрлі себептерге байланысты әлі басталған жоқ. Жобаларды жүзеге асыру қарқыны төмен өңірлер ретінде отырыста Шымкент қаласы, Абай, Ұлытау, Алматы, Атырау және Түркістан облыстары аталды.

«Егер өңірде біліктілік немесе тәжірибе жетіспесе, өзара тәжірибе алмасыңыздар. Әрбір жобаға ерекше көңіл бөліп, туындаған мәселелерді сол жерде шешу үшін нысандарды барып аралау қажет», - деді Қанат Бозымбаев.

2027 жылға жоспарланған жобалардың дайындығына да бөлек назар аударылды. Бүгінгі таңда 300 миллиард теңгені құрайтын 245 жоба бойынша қажетті келісімдер алынып, конкурс жұмыстары басталып кетті.

Премьер-министрдің орынбасары конкурс пен құжаттама шараларын келесі құрылыс маусымына созбай, жобаларды жүзеге асыруға ерте бастан толық дайындауды тапсырды.