Ұлттық волонтерлер желісі Президенттікке кандидат ұсынды

Ұлттық волонтерлер желісі Қасым-Жомарт Тоқаевты Президентікке кандидат ретінде ұсыну бастамасымен шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан-Ресей жастар форумында мен барлық волонтерлік ұйымдардың атынан 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялауды Президентке ұсындым. Бұл ұсыныс мен сөз сөйлегенге дейін 2-3 сағат бұрын талқылау барысында пайда болды.  Мемлекет басшысы бізді қолдаса да, ондай шешімді жариялау үшін бір жыл уақыт кетеді деп ойлағанбыз. Қасым-Жомарт Тоқаев сол жиында жауап сөзімен сахнаға шығып, бізді қолдап, 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялағанда  қатты таңғалдық, қуандық, - деді Ұлттық волонтерлік желісінің төрағасы Вера Ким.

Сондықтан желі төрағасы Президент волонтерлік қозғалысты қолдағандықтан да Ұлттық волонтерлер желісі оны қолдайтынын жеткізді.  

2020 жылы елімізде волонтер деген ұғым кеңінен қолданысқа енгізілді. Азаматтық қоғамдағы белсенді мүшелер волонтер болудың қандай артықшылығы бар екенін толығырақ түсініп, біздің қатарымыз көбейді. Билік тарапынан волонтерлардың атқарған жұмыстарына қолдау көрсетілді. Сондай-ақ биыл 4 шілдеде волонтерлар заңына да өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қазір бекітілді, - деді Республикалық волонтерлер фронт-офисінің жоба үйлестірушісі Айбек Досымбетов.

Сонымен қатар, жоба үйлестірушісі осы жиында Ұлттық волонтерлер желісінің 10 жылдық қорытынды есебі беріліп, 2023-2025 жылға арналған жоспардың бекітіліп жатқанын атап өтті.  

Айта кету керек, бүгінде Қазақстанда 200 мыңнан астам волонтерлерді өз жұмысына қатыстыратын  600-ден астам волонтерлік ұйым жұмыс атқарып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы