Ұлттық валюта – теңге күні. «Сақ стилі» жаңа банкноталар мен цифрлі теңге жайлы не белгілі

Бүгін 15 қараша - Ұлттық валюта күні. Төл теңгеміздің айналымға енгеніне биыл 31 жыл толып отыр. Осы орайда, BAQ.KZ тілшісі теңге тарихына шолу жасады.

Ұлттық төл валютамыздың тарихы 1993 жылдың 3 қарашасынан бастау алады. Дәл осы күні ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Айта кетейік, 1993 жылы 12 қарашасында «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылды. Арада үш күн­ өткенде, 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде теңге қолданысқа енді. Төл теңгесіне қолы жеткен халқымыз айтулы күнді бір сәтте естен шығарған емес. Күллі қазақтың мақтанышына айналған тұңғыш теңгенің тұңғыш келбеті бүгінде музейлерде сақтаулы.

Оларда әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай және Әбіл-хайыр мен Абылай хандардың суреті болған. 90-шы жылдары біздің теңге дизайны жағынан ТМД-дағы ең көрікті ақша болып танылды. Ұсақ ақшаларымыз да бар. Алғашқысы қағазға басылса, кейінгісі темірден түйілді.

«Теңге» – тарихи атау. Орта ғасырда түркілердің күміс монеталары «денге» немесе «таньга» деп аталған. Бұл атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынған еді.

Қазақстан ақшасын шығаратын кәсіпорындардың құрылу тарихы

Алғашқы банкноталар Лондонда, Harrison & Sons фабрикасында шығарылды. Ал алғашқы қазақстандық монеталар Германияда жезден және никель күмістен жасалды. Қажет жабдықтар мен заманауи технология алынған соң, теңгені өзіміздің мамандар шығаратын болды. 1995 жылдың мамыр айында тұңғыш банкнота фабрикасы ресми түрде ашылды. Қаражат үнемдеу үшін Банкнот фабрикасына жаңа ғимарат салмай, оның орнына «Гидромаш» АҚ зауытының бір корпусын жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданды. 
1995 жылы фабрикадан 83 миллионнан астам банкнота шығарылды, келесі жылы 104 миллионнан астам банкнота басылды. 1997 жылы Банкнота фабрикасы Қазақстан Республикасы азаматтарының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін де шығара бастады. 
Қазір мол тәжірибе мен көпжылдық машықтың арқасында Банкнота фабрикасы банкноталарды өз базасында әлемдік сапа мен технология стандарттарына сай шығарады.

Қазақстан теңге сарайы

1992 жылы Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының базасында құрылды.

Ең алғашқы монета партиясы 1993 жылы Қазақстан теңге сарайында шықты. Кәсіпорын Ұлттық банктің тапсырысы бойынша түрлі-түсті металдардан, алтын мен күмістен ұлттық валюта монеталарын шығарады. Яғни, айналымға шығаруға арналған монеталар, естелік және коллекциялық монеталар әзірленеді. Оның ішінде диаметрі 100 мм, ал салмағы 2 килограмға дейін жететін қымбат металдан соғылған proof сапалы ерекше өнімдер де бар. Сонымен қатар, кәсіпорын мемлекет наградалары мен медальдарын, сондай-ақ алыс-жақын шет мемлекеттердің тапсырысы бойынша да монеталар шығарады. 

Қазақстан теңге сарайы – Монета сарайлары қауымдастығының мүшесі. Бұл қауымдастыққа мыңжылдық тарихы бар Англияның Корольдік монета сарайы сияқты нарықтың ірі өкілдері кіреді.

«Сақ стилі» жаңа банкноталар сериясы

Банкнота дизайнын өзгерту – әлемде кеңінен тараған тәжірибе. Бұл үрдістен біздің елімізде кенде қалмады десек болады. Теңге тарихында банкноттардың бес сериясы бар. Оның 1-ші сериясы 1993 жылы «Портреттер» атауымен шығарылды. 2-ші серия 1993 жылдан 2003 жыл аралығында шығарылған «Әл-Фараби» сериясы. Ал 3-ші серия бұрынғылардан өзгеше стильде 2006 жылы «Бәйтерек» атауымен басылды. Бұдан бөлек, 4-ші серия 2011 жылдан 2022 жыл аралығында шығарылған «Қазақ Елі/Самұрық» атауымен айналымға енді. Ал 5-ші серия 2023-2025 жылдар аралығында шығарылуы жоспарланған «Сақ стилі» сериясы. Осы ретте жаңа стильдегі 5 000 теңгелік банкноталар айналымға 2023 жылы 25 желтоқсанда шығарылды. Ал 2024 жылдың жаз мезгілінде номиналы 10 000 теңгелік банкнотар айналымға енді. Осы жылдың желтоқсан айында 2 000 теңге шығарылмақ. Айтпақшы Ұлттық банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноталарды мерзімсіз қабылдай береді. 

Мамандардың айтуынша, «Сақ стилі» жаңа ақша сериясын айналымға енгізудегі негізгі мақсат – ұлттық валютаның қорғаныс деңгейін арттыру, оны пайдалануға ыңғайлы ету, сондай-ақ Қазақстанның мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттау.

«Сақ стилі» жаңа банкнота сериясы дизайнының тұжырымдамасы 2022 жылы әзірлене басталды. 2023 жылғы 15 қарашада банкнота сериясы ресми түрде таныстырылды. Ал 5 000 теңгелік алғашқы банкнотаны айналымға шығару 2023 жылғы 25 желтоқсанға жоспарланды. Серияны әзірлеген кезде отандық және шетелдік ғалымдардың, археологтардың, антропологтардың, этнографтардың, суретшілер мен реставраторлардың көптеген еңбегі мен материалы зерттеліп, қолданылды. Банкноталардың жаңа сериясы ежелгі көшпенділердің дүниетанымындағы ерекшеліктерді, олардың табиғатпен және жануарлар әлемімен байланысын бейнелейді. Сондай-ақ «Сақ стилінің» бірегейлігін айқындап, ұлт мәдениеті мен тарихын зерттеуге деген қызығушылықты оятуға арналған, – деді «Сақ стилі» жобасының бас дизайнері Санжар Нұрқасимов.

Теңгенің қорғаныс элементтері

5-ші серияның өзгелерден айырмашылығы қорғаныс дәрежесінің мықтылығы. Неге десеңіз Қазақстан Ұлттық банкі әлемдік тәжірибеде алғаш рет банкнотаға екі түсті микрооптикалық қорғаныс жіптерін енгізді. Бұл қорғаныс элементі банкнотаны ары-бері аударып қарағанда, екі түс өзара әрекеттесіп, динамика әсерін тудырады. Мұндай элементті тек қағаз немесе гибридтік субстрат негізінде жасауға болады, яғни материал полимерлік емес болуы керек.

Айта кетейік, банкноталардың дизайнында жарқын әрі есте қалатын 3D әсерін, сондай-ақ үш өлшемді қорғаныс элементтерін қалыптастыратын оптикалық өзгермелі голографиялық элементтер қолданылды. Бұл элементтер банкноталардың «Сақ стиліндегі» дизайнын толықтырып тұр. Жаңа сериядағы банкноталардың дизайнында банкноталарды жарамды немесе тозған деп сұрыптау үшін қолданылатын касса техникасының алгоритмдері де ескерілген. Сондай-ақ, жаңа банкноталарда серия нөміріндегі әріптер мен сандардың биіктігі бірдей (алдыңғы серияларда әртүрлі өлшем қолданылған). Бұл банкноталарды жоғары жылдамдықта өңдейтін жүйелерді барынша дәлме-дәл етеді, - деді көрменің ашылуында ҚҰБ төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин.

Цифрлі теңгенің қағаз теңгеден айырмашылығы бар ма?

Қазақстан дамыған елдерден қалыспай өзінің цифрлық ұлттық валютасын шығару бойынша жұмыстарын пысықтап келеді. Цифрлық теңге бойынша Ұлттық банк шаралары 2021 жылы басталған болатын.

Жоспар бойынша дайындық жұмыстары 2025 жылы аяқталып, сол жылы цифрлық теңге жаппай қолданысқа енгізілуі керек. Цифрлы теңгені кәдімгі қағаз теңгенің цифрлы көшірмесі деп атауға болады. Екеуінің атқаратын қызметі бір. Тек, банкнотаны біз қағазға басатын болсақ, оның цифрлі баламасына ондай шығындар қажет емес. Тура сол теңге, бірақ қағазға басылмаған, электронды әмиянда сақталатын ақша деп айтсақ болады. Басты айта кетерлігі, цифрлі теңге ешқандай да криптовалюта емес. Цифрлы теңгеге жауап беретін мекеме бар – ол Ұлттық банк. Ұлттық банк цифрлі теңгені шығарады, осы қызметті басқарып отырады. Ал криптовалюталар орталықсыздандырылған. Олар үшін ешкім жауап бермейді. Олар күрт құнсызданса да, жоқ болып кетсе де, бір де бір жан жауапкершілік арқаламайды. Криптовалюта құны күн сайын орасан құбылып тұратынын білеміз. Ал цифрлы теңге құны қолма-қол теңге құнымен бірдей болады. Цифрлі теңгенің басты артықшылығы – қауіпсіздігінде. Бұл ақшаны сізден алаяқтар ұрлап кете алмайды. Оның қайда барғаны, кімге түскені барлығы көрініп отырады. Алаяқтар ол жазбаны өшіре алмайды. Екінші жағынан – цифрлі теңгені шығаратын орталық адамның жеке өмірінің құпиялылығына кепілдік беріп отыр. Яғни, заң бұзылмаса, сіздің ол цифрлі теңгені қалай және қайда жұмсайтыныңыз құпия болады.

Ұлттық валютаның марапаттары

Ескере кететін жайт, 2011, 2012 және 2013 жылдары теңге банкнотасы әлемдегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды. Қазақстан теңге сарайы мен Ұлттық банк 2000 жылдан бастап жыл сайын халықаралық байқауларға қатысып келеді. Осы уақыттан бері Ұлттық валюта сапасы, дизайны және оны әзірлеуде қолданылған технологиялық жаңашылдық үшін түрлі номинация бойынша 20-дан астам марапатқа ие болған.

Қазақстанның коллекциялық монеталары «Монетное созвездие» (Coin Constellation), «Жыл монетасы» (Coin of the Year), IACA Excellence in Currency Awards, Vicenza Numismatica және басқа да халықаралық нумизматикалық қауымдастықтардың марапатын алды.

Ұлттық валюта банкноталары да бірнеше рет халықаралық байқауларда жүлдегер атанды. 2007 жылы 10 000 теңгелік (2006 жылғы үлгі) қазақстандық банкнота IACA (Халықаралық валюта мәселелері қауымдастығы) байқауында «Ең үздік жаңа банкнота» номинациясында бірінші орын иеленді.

2012 жылы Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған 10 000 теңгелік естелік банкнота Халықаралық банкноттар қауымдастығының (IBNS) байқауында «2011 жылғы ең үздік банкнота» деп танылды.

2013 жылы IBNS байқауында 5 000 теңгелік қазақстандық банкнота «2012 жылғы ең үздік банкноты» атанды.

2014 жылы «Күлтегін» түркі жазбасы ескерткішіне арналған 1 000 теңгелік естелік банкнота IBNS шешімі бойынша «2013 жылдың ең үздік банкноты» атанды.

2015 жылғы 1 желтоқсанда айналымға шыққан 20 000 теңгелік банкнота 2016 жылы High Security Printing Europe конференциясында (Бухарест, Румыния) 2015 жылғы ең үздік аймақтық банкнота деп танылды.

2016 жылы 20 000 теңгелік банкнота Currency Conference конференциясында (Вашингтон, АҚШ) «Валюта индустриясындағы ең үздік техникалық жетістіктері үшін» (IACA Excellence in Currency Awards) номинациясы бойынша үш финалистің қатарына кірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы