Ұлттық ұланның 36 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды
Алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков дауыс берді.
Бүгін Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Дауыс беруге ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері де қатысуда.
Әскери бөлімдер аумағында 36 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Бұл әскери қызметшілерге қызмет өткеру орны бойынша дауыс беруге мүмкіндік береді.
Алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков дауыс берді. Ол таңғы сағат 06:00-де Астанадағы 5573 әскери бөлімінің аумағында орналасқан №266 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Дауыс беруге офицерлер, келісімшарт бойынша және мерзімді әскери қызметшілер, олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ Ұлттық ұлан ардагерлері қатысып жатыр. Көптеген жас сарбаз сайлауда алғаш рет дауыс берді. Сондай-ақ туған күнінде сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасаған әскери қызметшілер де бар.
Ұлттық ұланның жеке құрамы сайлауға қатысумен қатар қызметтік-жауынгерлік міндеттерін атқаруды жалғастыруда. Күн сайын еліміздің 21 қаласында 7 мыңнан астам әскери қызметші қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылады.
Сайлау күні және дауыс беру аяқталғаннан кейін де Ұлттық ұлан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметін жалғастырады.