Ұлттық ұландықтар қаза тапқан қаруластарын ұлықтап, аза тұтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының барлық өңірлік қолбасшылықтары мен әскери бөлімдерінде Жалпыұлттық аза тұту шаралары өтті, деп хабарлады Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.
Елімізде экстремисттік бағыттағы және террористтік топтардың ықпалымен орын алған жаппай тәртіпсіздікке және соның салдарынан бейбіт тұрғындардың, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты, Қазақстан Республикасының Президенті 10 қаңтарды – елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Ер азаматтың асыл парызы – елі мен жерін қорғау. Ел басына күн туғанда әркез Ұлттық ұлан жауынгерлері алдыңғы шептен табылады. Біздің міндетіміз – ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халқымыздың бейбіт өміріне қорған болу. Өздеріңіз білесіздер, 5 қаңтардан бастап еліміз күрделі сынақтан өтуде. Әскерилер негізгі қауіпке тойтарыс беріп, міндеттерін адал орындады. Өкінішке орай, лаңкестік топтардың шабуылынан бейбіт халық пен азаматтарымыз мерт болды. Олардың есімдері ел тарихында қалады. Аза тұтамыз... Ұмытпаймыз... Ұлықтаймыз... – деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-майор Еркін Ботақанов еске алу шарасында.
10 қаңтар, сонымен қатар – ұландықтардың кәсіби мерекесі. Дәл бүгін құқықтық тәртіп әскерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Алайда, Ұлттық ұландықтар мерейтой күнінде қаралы сәтте оққа ұшқан қаруластарымен қоштасып, туды төмен түсіріп, аза тұтуда.
Ұлттық ұланның жеке құрамы басқа күш құрылымдарымен бірлесіп, еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктің алғашқы күнінен бастап, ішкі тыныштық пен мемлекет тұтастығын, құқықтық тәртіпті сақтау жолында күрделі қызмет атқарды. Қазақстанның конституциялық құрылымын, әр азаматтың құқығы мен бостандығын батыл әрі ержүректілікпен қорғады.
Ауыр кезеңде Ұлттық ұланның 400-ге жуық әскери қызметшісі жарақат алды. Өкінішке орай, жауынгерлік шығын да жоқ емес. Лаңкестермен шайқаста екі сарбаз: қатардағы Мадияр Оразалыұлы Қайсаров және қатардағы Айбат Ерболұлы Аманов қаза тапты.
Олар шынтуайтына келгенде қарулы лаңкестермен күресте алдыңғы шепте тұрды. Негізгі соққыны өздеріне бірінші қабылдап, бұзақылар тарапынан төнген айқын қауіпке қарамастан, шабуылшыларға тойтарыс берді. Ұландықтар барша әлемге қылмыскелермен күресте батылдық пен ержүректілікті, жоғары жауынгерлік және моральдік рухты, Қазақстан халқының алдында әскери Ант пен міндетке деген адалдықты көрсетті.