Ұлттық ұланда үздіктер анықталды
13-15 желтоқсан аралығында Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында батальон буынының офицерлері мен сержанттары арасында өткен жыл сайынғы дәстүрлі сайыстың ақтық кезеңі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Офицер арасында «Үздік батальон командирі», «Батальонның үздік штаб бастығы», «Батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі үздік орынбасары» және сержанттар арасында өткен «Үздік взвод сержанты», «Үздік бөлімше командирі» байқауы қорытындыланды.
Байқауға әскери бөлімдер мен өңірлік қолбасшылықтарда іріктеуден өткен 16 офицер мен 15 сержант қатысты.
Өзінің өңірлік бөлімшелерінде үздік деп танылған офицерлер мен сержанттардың білімдері мен біліктіліктері: мемлекеттік-құқықтық даярлық, қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы, атыс және дене шынықтыру даярлығы, жалпыәскери жарғылар, РХБ қорғау, мемлекеттік тілді және басшылық құжаттарды білу бағытында тексерілді. Үш күн ішінде әскери қызметшілер әртүрлі нормативтер тапсырып, электронды тестілеуден өтті, - делінген Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Кәсіби шеберлік деңгейі бойынша Ұлттық ұланның батальон буынындағы офицерлері арасында: Ұлттық ұлан Академиясы І оқу батальонының командирі подполковник Рауан Усбанов – «Үздік батальон командирі» және оның орынбасары подполковник Рүстем Тұрлыбаев – «Батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі үздік орынбасары» атанды. Айта кетейік, подполковник Рүстем Тұрлыбаев байқауға 2019 жылы да қатысып, тәрбие желісі бойынша үздік деп танылған болатын. Ал 6505 әскери бөлімі 4 атқыштар батальонының командирі майор Азамат Таңанов – «Батальонның үздік штаб бастығы» номинациясын иеленді.
Мен бұл байқауда жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Осы жылдар ішінде бәсекелестік артты. Бұл өзімді одан сайын қамышлай түсуге, дайындығымды екі есе арттыруға көмектесті. Сайыс қиындау болды, қызметте білуге міндетті көптеген жаңа басшылық құжаттар көп, солардың бәрін толық игеру оңайға соқпады. Болашақта Ұлттық ұлан Академиясының магистратурасына түсу ниетім бар, - дейді Рустам Кәрібайұлы.
«Үздік взвод сержанты – жауынгерлік даярлық жөніндегі нұсқаушы» номинациясын 5510 әскери бөлімі 3 атқыштар ротасының аға сержанты Ерболат Ғаббасов жеңіп алды. 3514 әскери бөлімі арнайы комендатурасының 1 бөлімше командирі сержант Әділет Тонтаев – «Үздік бөлімше командирі» атағына лайық деп танылды.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен кубоктарды жеке табыс етті.