Ұлттық ұлан жауынгерлері 100-ден аса адамды қар құрсауынан шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұландықтар қаңтардың 26-нан 27-не қараған түні Нұр-Сұлтан - Шортанды тас жолынан 28 ересек, 4 бала және 1 аяғы ауыр азаматшаны эвакуациялады. 

Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметінің бастығы Руслан Жангулин хабарлады.

Түнгі сағат екіден бастап Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары подполковник Самат Аюпов пен екі жүргізушісі бар ұландық экипаж, сондай-ақ ТЖ департаментінің үш қызметкерімен бірге қардың кесірінен жолда қалған адамдарды құтқара бастады. Елордаға қайтар жолда олар 20-ға жуық автокөлікті қардан шығарды.   


Ішкі істер министрі және Ұлттық ұлан бас қолбасшысының бұйрығы бойынша біз түнгі екіде жедел түрде "Урал" жоғары өтімділікке ие екі көлікпен Нұр-Сұлтан - Шортанды тас жолына жол тарттық. Қатты боран соқты. Айнала көрінбей тұрды. Алғашқы көлікті біз қаладан 15 шақырымдай жерден таңғы алтыда қардан шығардық. Алға жылжу қиынға соқты. Біз ақырын жүрдік. Барлығы 28 адам эвакуацияланды. Боран олардың барлық көліктерін қармен жапқан. Біз оларды жеке құрамды тасымалдауға арналған жылытқышпен жабдықталған "Урал" автомобиліне отырғызып, ішетін су мен жылы киім-кешектер бердік, - дейді Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары подполковник Самат Аюпов.

Қазір құтқарылғандар елордаға аман-есен жеткізілді. "Рахмет" сауда үйінің жанына келіп түскен азаматтар жақындарына тапсырылды.

Қатты жауған қардың салдарын жоюға Қарағанды-Теміртау тас жолына Ұлттық ұланның 10 жауынгері мен екі техникасы тартылды. Тас жолдың осы аумағынан 90 адам, оның ішінде 4 бала мен аяғы ауыр әйел құтқарылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы