Ұлттық ұлан – тыныштықтың қалқаны
Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімінің құрылғанына 25 жыл толып отыр.
Бастапқыда жеке оперативті батальон болып құрылған бөлімше 2008 жылы жедел мақсаттағы батальон полкы ретінде қайта жасақталды.
2013 жылдан бастап ҚР Ұлттық гвардиясының "Орталық" өңірлік қолбасшылығының құрамына кірді. Дегенмен, ішкі істер органдарына қоғамдық тәртіпті сақтауға жәрдемдесу, жазасын өтеушілерді қадағалау, сот қарауылдарында қызмет ету сияқты негізгі міндеттер өзгеріссіз қалды. 2017 жылы 5510 әскери бөлімінің қызметшілері "ЭКСПО" халықаралық көрмесі нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты.
Бүгінгі күні әскери бөлімде 1,5 мыңға жуық жеке құрам сарбаздары әскери борыштарын өтеуде.
Әскери бөлім Көкшетауда болғанымен, кейбір атқыш роталары Гранитный, Атбасар және Саумалкөл поселкелерінде орналасқан.
Әскери қызметшілер қызметін ойдағыдай өткеру үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Асхана, акт және спорт залдары, кітапхана, казармалар қажетті құралдармен жабдықталған. Аумақта офицерлер жатақханасы орналасқан. Сондай-ақ, Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы Пшихавр шатқалында қаза тапқан 17 жауынгердің ерлігіне арналған ескерткіш, бөлімнің Жауынгерлік Туы сияқты әскери нышандарды көруге болады.
Бұл Қазақстанның Қарулы Күштеріне қатыстылығын көрсететін Құрмет белгісі ғана емес. Ту - ерлік пен даңқтың символы болып табылады, сарбаздарды батырлыққа, қасиетті борыш - Отан қорғауға үндейді, - дейді 5510 әскери бөлімінің командирі Асқар Файзуллин.
Асқар Қайратұлы бөлімді 2018 жылдан бастап басқарып келеді. Бұған дейін Петропавл жоғары әскери училищесінде командалық-тактикалық мамандығына оқып, взвод, батальон командирі, штаб бастығының орынбасары болған.
Ғасырлар бойы халқымызда Отан қорғаушы деген ұғым өте ауқымды болып келеді. Туған жерімізді жаттан қорғап, тәуелсіздік үшін күрескен ата-бабалар рухы алдында басымызды иеміз. 75 жыл бұрын сұрапыл соғысқа аттанған миллионнан аса қазақстандықтардың 600 мыңы ұрыс даласында мерт болды. Бүгінде мемлекетіміздік қорғаныс қуаты жылдан-жылға артып, әскери реформалар табысты жүзеге асырылуда, - дейді командир.
Ол соғыс өрті тұтанған Ауғанстан мен Тәжікстанда әскери міндетін орындаған жауынгер-интернационалистерді әскери борышқа адалдықтың үлгісі ретінде таниды.
Мемлекет басшысының қамқорлығымен біздің Қарулы Күштеріміз, басқа да әскерлер мен құрамалар еліміздің сенімді қалқаны, халықаралық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігіне айналды. Жылдан-жылға олар қазіргі заманғы қару-жарақ, техникамен қамтамасыз етіліп, жоғары білімді мамандармен толығуда. Қасиетті Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың парызы. Ұлттық ұлан сарбаздары жүктелген тапсырманы жауапкершілікпен орындап, қоғамды тәртіпті сақтауға, азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға лайықты үлесін қосып келеді, - дейді Асқар Қайратұлы.