Ұлттық ұлан сарбаздары Атыраудағы балалар үйінде болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан полициясының 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында 5546 әскери бөлімінен өздерінің Отан алдындағы әскери борыштарын антқа адал атқарып үйлеріне оралмақ болған мерзімді қызметтегі сарбаздар Атыраудағы балалар мүгедектер үйі мен облыстық жетім балаларды оңалту орталығында болды, деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тәртіп сақшылары балалармен отансүйгіштік туралы әңгімелеп, түрлі сайыстар мен ойындар өткізіп, жасөспірімдерге ойыншықтар мен тәтті сыйлықтар тарту етті. Ұлттық ұландықтардың көркемөнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасы қызықты әрі көтеріңкі болды. Кішкентай көрермендер мұқият тыңдап, сарбаздармен бірге ән де айтты
Өз кезегінде сарбаздар бүлдіршіндерге денсаулық пен арман тілектерінің орындалуын тіледі. Тәрбиеленушілерге деген мейірімділік үшін балалар үйінің басшылығына, ұстаздарына алғыстарын айтты.
Әрбір бала махаббат пен қамқорлыққа бөленуі керек. Әрқайсымыз аз да болса мейірімді болып, балалармен жылы лебізімізді бөліссек, әлем жақсарады.Сондықтан, әрдайымда ата-анасыз қалған балаларды тәрбиелеу мен дамытуға өз үлесімізді қосуға тырысамыз, - дейді 5546 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Байрам Әлиев.