Ұлттық ұлан әскери қызметшісі өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарып қалды

Оқиға Ақтау қаласындағы Атамекен ауылында орын алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық ұлан әскери қызметшісі ефрейтор Арман Мұрзамұратов кезекті жауынгерлік қызметтен шығып үйіне келе жатқан жолда, Атамекен ауылының 37-аймағында орналасқан төртқабатты үйден секіргелі тұрған ер азаматты көреді. Сәл кідіріп, әрекетін барлағанда оның шынында өлімге қадам жасамақ болғанын сезеді. 

Ефрейтор Мұрзамұратов еш ойланбастан санаулы секундта жоғарғы қабатқа көтеріледі. Техникалық қабаттың кішкентай терезесі ернеуінен шатырға шығып, әлгі ер азаматтың артынан ақырын келіп, қолынан ұстап алады. Қарсыласқанына қарамастан, мықтап ұстап қауіпсіз жерге алып шығады да, полиция қызметкерлеріне хабарлайды. 

Қазіргі уақытта 24 жастағы жергілікті тұрғынды мұндай әрекетке не итермелегені тергеліп жатыр. Полиция қызметкерлері жағдайдың мән-жайын анықтауда. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы