Ұлттық тестілеу орталығы қаңтардағы ҰБТ-ны қорытындылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев қаңтарда өткен ҰБТ-ның қорытындысын айтты.

Биыл қаңтар айындағы ҰБТ-ға өтініш қабылдау 24 желтоқсан мен 21 қаңтар аралығында жүргізілді. Бастапқыда ҰБТ-ны өткізу мерзімі 10 қаңтар-10 ақпан аралығы болатын. Өкінішке қарай, елімізде ТЖ енгізілуіне байланысты мерзімі кейінге қалдырылып, 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында өткізілді, - дейді орталық директоры.

Сөзінше, апелляция 14-23 ақпан аралығында қаралды.

Компьютерлік формат енгізілгеннен бері оқушылар сайт арқылы еркін тіркеліп, ҰБТ тапсыратын күнді, орында өзі таңдай алады. Айта кетсем, қаңтарда өткен ҰБТ - ақылы негізде және ЖОО-да ақылы бөлімде оқуға құқық беретін емтихан.

Қаңтар ҰБТ-сы еліміз бойынша 42 UStudy базасында өтті. Биылғы басты қағидат – бұл «бір тестіленуші – екі камера – бір компьютер». Күніне екі легі болды. ҰБТ 24 күнге созылды. Сондай-ақ бір уақытта тестіленушілер 2 723 компьютерге отырғызылды. Яғни санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, компьютерлердің тек 50%-ын қолданысқа енгіздік, - деп атап өтті ол.

Ұлттық тестілеу орталығы басшысының дерегінше, қаңтардағы ҰБТ-ға 103 886 өтініш берілді. Қатысушылардың саны 101 600 адамды (97,8%) құрады. Олардың 95,1%-ы осы жылғы 11-12 сынып оқушылары, 4,3%-ы ЖОО-ға шартты негізде қабылданған І курс студенттері болды.

ҰБТ-ны тапсырушылардың 78,3%-ы (79 581) мемлекеттік тілде тапсырса, 21,5%-ы (21 855) орыс тілінде және 0,16% (164) тестіленуші ағылшын тілінде тапсырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы