Ұлттық тестілеу орталығы 6 айда қандай жұмыстар атқарды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев соңғы 6 айда атқарылған жұмыс қорытындысы туралы өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Осы уақыт ішінде Ұлттық тестілеу орталығы басшысы лауазымында әріптестеріммен бірге көптеген жұмыс атқарылды. Олардың ең маңыздылары туралы әрдайым өз парақшамда бөлісіп отырдым. Өйткені бізге тестіленушілердің және ата-аналардың пікірі мен көзқарасын білу аса құнды, - деп жазды орталық директоры.

Оның сөзінше, орталықтың негізгі міндеті – орталық ұсынатын қызметтердің тұтынушыларымен сенімді қарым-қатынас орнату. 

Осы ретте Руслан Емелбаев соңғы жарты жыл ішінде енгізілген жаңашылдықтар жөнінде баяндап берді.

Есеп және жоспарлар:

  • Ақпараттық қауіпсіздік мақсатында 2022 жылдан бастап тестілеу «1 компьютер - 2 камера - 1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүргізілуде. Яғни, оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, жеке тұлғаны сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін, оның дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера орнатылған.
  • ҰБТ-ның базасына «Қазақстан тарихы» пәні бойынша контекстік тест тапсырмалары қосылды. Бұл тапсырмалар терең білімді, ақпаратты талдау сияқты кең ауқымды дағдылар мен қабілеттерді бағалайды.
  • ҰБТ тапсырған тестіленушілерге әрбір пән бойынша жеке тақырыптық талдау ұсынылады. Бұл талдау ҰБТ-ға түсушілердің дайындығын арттыруға және өздерінің білім деңгейін бағалауға көмектеседі.
  • Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де жағдайлар жасалды. ҰБТ-2022-де көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған ерекше қажеттіліктері бар балаларға қосымша тестілеу уақыты (40 минут) берілді. Сонымен қатар, олар үшін суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалды.
  • 2022 жылғы түлектерді қолдау мақсатында әрі ҰБТ-ға дайындықтарын оңтайлы ұйымдастыру үшін былтырғыдан да көп білім беру орталықтарының қатысуымен тегін онлайн сабақтар өткізілуде.
  • 2022-2023 оқу жылынан бастап IT бағыт бойынша оқуға түсушілер ҰБТ-да «Математика+Физика» орнына «Математика+Информатика» комбинациясын тапсырады. 2021-2022 оқу жылында бейіндік пән «Физика» болып қала береді, бұл ретте пилот ретінде талапкерлердің таңдауы бойынша биыл осы дайындық бағыттарына (наурыздағы ҰБТ кезінде) түсу үшін «Математика +Информатика» комбинациясын таңдау опциясы қосымша қолжетімді болды.
  • Алғаш рет еліміздің педагогтері үшін Ұлттық біліктілік тестілеуіне дайындалуға арналған кеңес берулер ұсынылды. Олар орталықтың YouTube арнасында сақталған.
  • Оқушылардың пікірін ескере отырып, биыл түлектерге білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өткізілетін маусым айындағы ҰБТ-ға 2 рет қатысу мүмкіндігі беріледі.
  • Негізгі ҰБТ-ның алдында психологиялық қолдау мақсатында талапкерлерге ҰТО-ның әлеуметтік желілердегі парақшаларында психологтың онлайн кеңестері жарияланады.
  • ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеуді электронды форматта өткізу жоспарлануда.

 

Орталық ұжымына маған көрсетілген сенім, жауапкершілік пен кәсібилік үшін алғыс айтамын. Сыртқы емтихандардың барлық түрлерін ұйымдастыру және өткізу жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жалғастырылатын болады. Біздің басты мақсатымыз – тестілеу процедурасының ашықтығын, академиялық адалдықты қамтамасыз ету, - деп қорытындылады сөзін Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы