Ұлттық тағам – ұлт бренді
Ұлттық тағам – ұлт бренді. Халқымыз ежелден ұн, сүт, ет өнімдерінен ұлттық тағамның түр-түрін әзірлеп, қазақтың ұлттық брендіне айналдырды. Олардың қатарында өздеріңіз білетіндей, бауырсақ, жент, құрт, ет және басқа да тағамдар бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін қазақтың ұлттық тағамдарымен танысамыз.
Бауырсақ
Бауырсақ – бәрінің сүйіп жейтін, әр дастарханның сәнін келтіретін тағам. Оның негізгі құрамында ұн, тұз, су және ашытқы бар. Алайда аспаздар өзінің дайындау тәсіліне қарай түрлі қоспалар, мысалы, май, сүт, жұмыртқа және қант қосады. Бауырсақтың қамыры дайын болғаннан соң, оны пішінге келтіріп, қызып тұрғын майға қуырады.
Жұқпа нан
Оны дайындау үшін ұн, су және тұз қажет. Жұқпа нанның қамырын илеп алған соң, оны 5-10 минутқа бетін жауып қою керек. Кейін қамырды бөліп алып, жұқа етіп жайып, май жағылған қызып тұрған табаға екі жағын пісіріп аламыз.
Жілік май
Жілік май – бала кезден жеп өскен ең дәмді тағамдардың бірі. Бұл тағам жілік сүйегінен әзірленеді. Оны әр аспаз әртүрлі дайындайды. Жілік сүйектеріне алдымен түрлі дәмдеуіштер қосып, тұздап аламыз. Жілік сүйектерді дәмдеуіші сіңуі үшін бірнеше минутқа бетін жауып қоямыз. Кейін оны пешке салып, 20 минут пісіріп аламыз.
Түймеш
Түймеш – қазақтың ұлттық тағамы. Қазір оны «түшпара» деп атайды. Бірақ оны дайындаудың ертеден келе жатқан тәсілі бар. Бұл тағамды әзірлеу үшін алдымен қамырын дайындап аламыз. Оған ұн, тұз, су және жұмыртқа қажет. Ал салмасын ет, құйрық май, тары талқан, пияз, тұз және қара бұрыштан әзірлейміз. Кейін иі қанған қамырды жұқалап жайып, төртбұрышты формада кесіп, бір шай қасықтан салма салып, бүгеміз. Дайын болған түймешті қайнап тұрған суға пісіріп аламыз.
Ми палау
Ми палау – ұлттық тағамдардың ішіндегі ең дәмдісі. Оның әзірлеу үшін алдымен басты пісіріп аламыз. Кейін оның миын және бастың құйқасын турап, үстіне сорпа құямыз. Бұл денсаулыққа өте пайдалы тағамның бірі.
Ет
Халқымыздың ең басты тағамдарының бірі – ет. Бұл тағамсыз той-томалақты және қазақтың басқа да түрлі іс-шараларын елестету мүмкін емес. Қазақ үйіне келген сыйлы қонағына ет асып берген. Оны әзірлеу үшін алдымен етті жіліктеп дайындап аламыз. Дайын етті қазанға салып, үстіне салқын су құйып, астына от жағамыз. Қазандағы етке тұзын салып, 1-1,5 сағаттай қайнатып, көбігін алып, пісіріп аламыз. Піскен етті қазаннан түсіріп, сорпасына жайылған қамырды пісіріп аламыз. Еттің тұздығын дайындау үшін сорпасын бөлек ыдысқа құйып алып, пияз салып, тағы бір рет қайнатып аламыз.
Қамыры дайын болғаннан кейін оны астауға түсіріп, етін салып қонақтарға ұсынамыз.
Қансоқта (Шыж-мыж)
Қансоқта күріш пен дәмдеуіштер қосылған қой етінен жасалған шұжық. Дәмі тіл үйіреді. Бұл тағамды көбіне тіске басар ретінде дайындайды. Оны дайындау үшін жүрек, бауыр, түрлі дәмдеуіштер қажет. Алдымен ет, жүрек, бауырды турап аламыз.
Майда туралған өкпе, бауыр, жүректі араластырып, қарынға салып, аузын түйрейді. Кейін дайын болған қарынды қазанға қайнатып пісіреді. Бұл тағам негізінен мал жаңа сойылғанда дайындалады.
Шұжық
Шұжық жылқы етінен жасалады. Ал сүрленген шұжықтың дәмі ерекше болып піседі. Мал сойған кезде май мен етті ұсақтап турап, пияз және түрлі дәмдеуіштер қосып, жылқының ішегіне салады. Дайын болған ішекті түйреп, екі жағын жіппен байлайды. Сөйтіп 3-4 күн кептіріп алады. Содан кейін ыстайды.
Наурыз көже
Наурыз көже – Наурыз мейрамында әр шаңырақта дайындалатын ұлттық тағам. Ол Наурыздың ажырамас бір бөлігі. Себебі бұл тағамсыз мейрамды атап өту мүмкін емес. Наурыз көже – молшылықтың символы. Оны дайындаудың тәсілі әр өңірде әртүрлі. Оған жеті түрлі дәм қосылады. Олар: ет, бидай, күріш, жарма, тары, тұз, су, айран.
Алдымен етті қазанға салып, пісіріп аламыз. Кейін күріш, бидай, жарма, тарыны қосамыз. Піскен соң айран қосып араластырып, ыдысқа құйып береміз.
Қымыз
Қымыз – биенің сүтінен дайындалатын пайдалы ұлттық сусын. Ол халқымыздың ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құрметтісі саналады.
Біз ұсынған тізім қазақтың ұлттық тағамдарының санаулысы ғана. Жоғарыда көрсетілгеннен басқа түрлі ұлттық тағамдарымыз жетерлік.
Ендеше Наурыз мейрамында осы ұлттық тағамдарды әзірлеп, ұмыт болып бара жатқан дәстүрімізді бірге жаңғыртайық. Астарыңыз дәмді болсын! Наурыз мейрамы әр шаңыраққа құт-береке алып келсін!