Ұлттық сейсмология орталығының басшысы тағайындалды
Жаңадан құрылған Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығының директоры тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен жаңадан құрылған «Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығы» ЖШС директоры болып Дәулет Сәрсенбаев тағайындалды.
Ұжымға жаңа басшыны Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Ерлан Нұрпейісов таныстырды.
Бұл ғылыми орталық ҚР ТЖМ «Сейсмология институты» ЖШС мен «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция» ЖШС бірігу жолымен құрылды.
Генерал-майор Ерлан Нұрпейісов ғылыми орталықтың жаңадан тағайындалған басшысына және ТЖМ аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшыларына халықтың және елдің сейсмикалық қауіпті өңірлерінің аумағының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жер сілкінісі қаупі туралы ерте хабарлау деңгейін арттыру, сондай-ақ сейсмикаға төзімді құрылысты бақылауды күшейту бойынша іс-шараларды іске асыру туралы нақты тапсырмалар берді.