Ұлттық құрылтайдың әр отырысы нақты нәтиже беріп келеді – Бибігүл Жексенбай

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Ұлттық құрылтайдың жұмысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенаттың кулуарында депутат Ұлттық құрылтайдың осы уақытқа дейін төрт отырысы өткенін еске салды.

Оның айтуынша, бұл жиындарда қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ондаған заң қаралған.

Ұлттық құрылтайдың әр отырысында қаралатын мәселелер өте көп. Ұлттық құрылтайдың 100-ден аса мүшесінің әр сала, әр өңір бойынша жинақтаған мәселелері қарастырылады. Әрине, бұл еліміздің әлеуметтік, экономикалық жағдайына, жалпы қауіпсіздігіне, мәдениет пен өнер саласына да байланысты мәселелерді қамтиды деп ойлаймын. Соның ішінде, Парламенттік реформалар туралы да айтылуы мүмкін, - деді Сенат депутаты.

Сонымен қатар Бибігүл Жексенбай былтыр желтоқсан айында өткен Ұлттық құрылтайдың секциялық жұмысында қандай ұсыныс білдіргеніне тоқталды.

Жалпы Парламентте 30 жылда өкінішке қарай, қазақ тілінде тек екі-ақ заңның түпнұсқасы дайындалып, қабылданды. Сондықтан жаңа парламенттік реформадан кейін мүмкіндікті қарастыра отырып, заңның түпнұсқасы екі тілде дайындалуы қажет деп есептеймін. Бұл Швеция сияқты екі тіл қатар жүретін мемлекеттерде бар практика, - деді сенатор.

Сондай-ақ депутат Ұлттық құрылтайдың әр отырысы нәтиже беретінін алға тартты.

Қабылданған негізгі заңдар қоғамның дамуына қатысты және жылдар бойы қордаланған түйткілдерді қамтиды. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан бастап ұлттық құндылықтарды нығайтуға дейінгі мәселелер бар. Тек төртінші отырыстың қорытындысы бойынша архив ісі, есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес салаларын қамтитын 10 заң қабылданды. Менің ойымша, Ұлттық құрылтайдың әрбір отырысы нақты нәтиже беріп келеді, оның оң әсерін қазірдің өзінде қоғамнан көріп отырмыз, – деп атап өтті Бибігүл Жексенбай.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысын 20 қаңтарда Қызылорда қаласында өткізу туралы шешім қабылдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы