Ұлттық құрылтайды Дүниежүзі қазақтары құрылтайымен біріктіріп өткізу керек - Әбділуақап Қара

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасиетті Ұлытау төрінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» идеясын жүзеге асыру жолындағы маңызды шешімдерінің тағы бірі ретінде жоғары бағалап қолдаймын, деп пікірін білдірді түркиялық қазақ ғалымы Әбділуақап Қара.

Әсіресе еліміздің басына төнген қара бұлт Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін ұлттың бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтатын ұлы басқосу деп білемін. 117 құрылтай өкілі ішінде шетел қазақтарының жанашыры, белгілі дипломат Отандастар қорының президенті Абзал Сапарбекұлының да болуын қуанышпен қарсы алдым. Сонымен қатар шетел қазақтары өкілі ретінде санауға болатын Баян Өлгейден кезінде атамекенге ат басын бұрып сонда бизнис саласында өнімді жұмыс атқарып келе жатқан кәсіпкер Сырымбек Таудың да осы алқалы жиында сөз сөйлейтін болуы құптарлық. Мұны, «Жаңа Қазақстан»да диаспора қазақтарының да мәселелеріне бейжай қаралмайтындығының айқын белгісі деп білемін, - деп жазды ол.

Ол ұлттық тарихымыз бен ана тілімізге көбірек мән берілетіні қуантарлық жайт екенін айтты.

 Ғылым саласында да белгілі азаматтардың барлығы қуантарлық. Атап айтқанда Алаш танушы, шетелдерге бек танымал ғалым профессор Диқан Қамзабекұлы, қазақ тілінің көсегесін көгерту жолында тынбай еңбек етіп келе жатқан профессор Анар Фазылжанова сынды ғалымдар. Бұл, «Жаңа Қазақстан»да ұлттық тарихымыз бен ана тілімізге көбірек мән берілетіндігін белгісі болып табылады, - деді ол.

Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайдың тек атамекен үшін қана емес, шетел қазақтары үшін де жаңа бір белес болады деген үміттемін деді ол.

Өйткені 1991 жылы еліміз тәуелсіздігін әлемге паш еткеннен кейінгі алғашқы қадамдардың бірі 1992 жылы Алматыда «Дүниежүзі қазақтары құрылтайын» шақыру болған еді. Сондықтан да Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» идеясын жүзеге асыру жолында «Ұлттық құрылтайды» шақыруы орынды, - деді Әбділуақап Қара.

Ол  Ұлттық құрылтай жұмысына табыс тіледі.

Менің осы құрылтайға айтар пікірім, «Ұлттық құрылтайды» «Дүниежүзі қазақтары құрылтайы» мен біріктіріп келешекте шетел қазақтарынан да өкілдер тағайындап «Ұлыстың ұлы құрылтайы» ретінде жүйелі түрде оны өткізіп тұру. Ұлттық құрылтай жұмысына қатысушыларды құттықтай отырып табыс тілеймін, - деп жазды ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы