Ұлттық құрылтайда құнды қолжазбалар мәселесі талқыланды
Ұлттық құрылтай мүшелері қазіргі авторлардың әдеби шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды ілгерілету және отандық әдебиет пен киноны дамыту мәселелерін де қозғады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Руханият жанашырлары құнды қолжазбаларға қамқорлық керегін де жиі айтып жүр. Қазірден бастап қолдағы бар дүниені түгендеп, мемлекеттік тіркеуге алу қажет. Оған қоса, оны оқып, зерттейтін мамандар дайындаған жөн. Себебі онда ашылмаған талай тарих жатыр.
Мәселен 18 ғасырда өмір сүрген Софы Аллаярдың шағатай тілінде жазылған «Әлсіздердің сүйеніші» атты кітабы 1893 жылы Ташкентте басылып шыққан.
Сыр бойында атақты Айқожа Ишан дейтін ишан өткен. Соның ұрпақтары келіп өткізді. Айқожа ишанда көптеген діни кітаптар болған. Солардың бір парасын бізге алып келіп өткізді. Софа Аллаярдың кітабының бір ерекшелігі оны Абай оқыған, - дейді филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр.
Дәл осындай құнды дүниелер ел ішінде әлі де бар. Себебі ұстап отырғандар атамұрамыз деп өткізгісі келмейді. Дегенмен оның бәрі халық мұрасы. Жанашыр азаматтар алдымен кітапханалар мен музейлерде сақталып тұрған жәдігерлермен қоса, жеке қолдағы көне қолжазбалар мен кітаптардың мемлекеттік тізімі жасалуы керек деп санайды. Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы бұл тұрғыдан көп елден артта қалғанымызды жасырмайды.
Алыстағы Америка болсын, Батыстағы елдер болсын, Түркия, мына іргедегі Өзбекстанның өзінде жоғары дәрежеде жолға қойған. Үлкен қаражаттар бөлген. Біз осы жағына келген кезде құнсыздық танытып отырмыз десек болады. Сондықтан оны орнына келтіру үшін мемлекеттік комиссия құрып, сол арқылы мемлекеттік деңгейде қамқорлық жасалатын болса, онда тарихтағы жаңалықтарымыз да, жаңа жағынан, жаңғыру жағынан болар еді, - дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы.
Бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында 1500-дей бума бар. Онда араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған ескі қолжазбалар жинақталған. Тасбаспамен шыққан және литографиялық кітаптарды да табуға болады. Кейіннен жазып алынған аудиотаспалар да бар. Өзге де құнды дүниелер өте көп. Соның жартысынан көбі цифрлық жүйеге көшірілген.
Ғылым және жоғарғы білім министрлігі бізге екі жыл бұрын жақсы грант берген. Сол грантпен біз қазір жұмыс істеп жатырмыз. 1542 буманың 900 бумасын сандық форматқа көшірдік. Бірақ өкінішке қарай, жоба біткеннен кейін, келесі жобаның да дәл осы форматта жалғастырсақ дейміз. Алайда оны жалғастыра алмаймыз. Өйкені оны бірін-бірі қайталау деп есептейді, - дейді М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.