Ұлттық құрылтай: Қызылордада жұмыс секцияларының отырысы өтіп жатыр
20 қаңтарда Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші жиыны өтеді. Басқосуға Мемлекет басшысы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес өкілдері, сарапшылар қауымдастығы мен өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері қатысады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ал бүгін төрт жұмыс секциясы, атап айтқанда, “Азаматтық қоғам”, “Экономикалық даму”, “Әлеуметтік-мәдени даму”, “Білім және ғылым” өз отырыстарын өткізіп жатыр.
Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің хатшысы, Ұлттық құрылтай мүшесі Олжас Сүлеймен “Білім және ғылым” секциясына қатысқан құрылтай мүшелері жиынға тыңғылықты дайындалып келгенін айтты.
Секциямыздың отырысы өтті. Онда көптеген мәселелер талқыланды. Әріптестеріміз көтерген барлық тақырыптар өзекті болды әрі барлығы тыңғылықты дайындалып келген. Өз басым үшін ерекше қызық болғаны – жастарға қатысты мәселелер, атап айтқанда, білім сапасын арттыру және білім беру саласындағы өзгерістер, - деді ол.
Олжас Сүлеймен секцияда өзі көтерген мәселеге де тоқталды.
Қазіргі таңда мектеп оқушылары халықаралық олимпиадаларда, әсіресе математика және басқа да пәндер бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Сондай-ақ робототехника саласында Қазақстанның төрт дүркін әлем чемпионы атануы – кез келген елге бұйыра бермейтін үлкен жетістік. Мемлекет басшысы бұл жастарды қабылдап, қолдау білдіріп жатыр. Алайда өңірлерде осындай жетістікке жеткен жастарды спортшыларды қарсы алғандай салтанатпен қарсы алып, қоғамға кеңінен таныстыру қажет деп ойлаймын, - деді құрылтай мүшесі.
Ол егер білім саласында халықаралық деңгейде жетістікке жету жастар арасында трендке айналса, бұл елдің дамуына серпін береді деп санаймын.
Білім жастар ортасында тренд болуы керек. Сол кезде оң өзгеріс болады. Қазақта “бай мен кедейдің баласын білім теңестіреді” деген сөз бар. Сондықтан нақты нәтиже көрсетіп, жетістікке жетіп жүрген дарынды жастарды қоғамға кеңінен таныту қажет деп есептеймін, - деді Олжас Сүлеймен.
Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда қандай мәселелер көтерілетіні жайлы сарапшылар пікір білдірген еді.