Ұлттық құрылтай: Өткір сын айтып жүрген азаматтар да кірген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық құрылтай құру туралы Президент жарлығына байланысты саясаттанушы Бауыржан Серікбаевтың пікірін білдік.
Ұлттық құрылтайдың құрылғаны – оң бастама. Арғы тарихымыздан алып қараған кезде құрылтай дала демократиясында бар нәрсе. Ол жерде елдің белгілі, бетке ұстар азаматтары, халықтың сөзін сөйлеп жүрген түрлі сала өкілдері жиналған. Тізімді қарасаңыз, қоғамда айтылып жүрген халықтың мәселелерін көтеріп, өткір сын айтып жүрген азаматтар да кірген, – дейді ол.
Саясаттанушының айтуынша, қазіргі кездегі күрделі геосаяси жағдайда халқымыздың болашағы қандай болады, қандай бағытта дамимыз, елді толғандырып жүрген қандай мәселелер бар екенін Ұлттық құрылтайда талқылап, ортақ шешімге келудің маңызы зор.
Қоғамдық айту деген бір басқа, онда жалпы пікірлер айтылады. Ал құрылтайда білімді, білікті азаматтар, өзінің пікірі, көзқарасы бар азаматтар жиналған. Олар мәселені көтеріп қана қоймай, оны шешудің бір немесе бірнеше тиімді жолдарын ұсынатын құрылым болады деп өз басым сенемін. Себебі бір адам мәселенің бір шешу жолын ғана көрсе, екінші адам одан да тиімдірек жолын көрсетуі мүмкін. Ұлттық құрылтайды қоғамдық ойдың, қоғамдық пікірдің елдегі мәселелерді шешудің тиімді жолдарын көрсететін бір генератор болады деген сенімдемін, – деді ол.