Ұлттық құрылтай-2025: Президент тапсырмалары қалай орындалып жатыр?
Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының негізгі басымдықтарын айқындап, Үкімет пен мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма жүктеген болатын. Араға уақыт салып, сол міндеттердің бір бөлігі бойынша нақты шешімдер қабылданып, іске асырыла бастады. BAQ.KZ тілшісі Құрылтайда көтерілген мәселелерге шолу жасады.
Саяси реформалар: институционалдық өзгерістер жалғасуда
Президент құрылтайда соңғы жылдардағы саяси жаңғыруды ерекше атап өткен еді.
Соңғы үш жылда Қазақстанда бұрын-соңды болмаған институционалдық реформалар жасалды. Парламенттің рөлі күшейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артты, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл бағытта реформалар жалғасып жатыр. 2025 жылдан бастап:
- барлық аудан әкімдері тікелей сайланады;
- жергілікті басқаруды жетілдіруге бағытталған жаңа нормативтік құжаттар қабылданды.
Салық реформасы
Мемлекет басшысы салық жүйесін реформалауды кейінге қалдыру қауіпті екенін ашық айтты.
Салық жүйесін реформалауды кейінге қалдыруға болмайды. Бұл – мемлекеттің қаржылық тұрақтылығына тікелей әсер ететін мәселе, – деді Президент.
Құрылтайдан кейін:
- әлеуметтік салық ставкасы артты;
- әлеуметтік аударымдар мен бірыңғай төлемдер қайта қаралды;
- ҚҚС жүйесін өзгертуге қатысты жаңа ұсыныстар әзірленіп, жаңа Салық кодексі қабылданды.
Бұл шаралар көлеңкелі экономиканы қысқартуға және адал салық төлеушілерді қорғауға бағытталған. Жаңа өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Бірыңғай уақыт белдеуі: шешім қабылданды
Президент бұл мәселені саясиландырмауға шақырып, нақты ұстанымын білдірген еді.
Бірыңғай уақыт белдеуінің халық өміріне айтарлықтай теріс әсері анықталған жоқ. Бұл – басқару тиімділігі үшін қажет шешім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі таңда:
- өңірлерде жұмыс кестесін бейімдеу жұмыстары жүргізілді;
- мемлекеттік органдар бірыңғай уақытқа толық көшті.
Осылайша, құрылтайда айтылған тапсырма іс жүзінде жүзеге асты.
Экономика және инфрақұрылым: нақты секторға басымдық
Президент экономиканың нақты секторын дамыту басты міндет екенін атап өтті.
Біз қаржыны тек бөлумен шектелмей, оның нақты нәтижесін көруіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Құрылтайдан кейін:
- Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз бағытындағы автожол жобасы мемлекеттік жоспарға енгізілді;
- жаңа теміржол және логистикалық бағыттарды дамыту басталды;
- өңірлік инфрақұрылымды дамытуға арналған 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді.
Бұл жобалар әсіресе Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
Цифрландыру және жасанды интеллект: құқықтық негіз қалануда
Президент Қазақстанды цифрлық хабқа айналдыру міндетін қойды.
Цифрландыру мен жасанды интеллект – ел дамуының шешуші факторларының бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2025 жылы:
- цифрлық даму және AI жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспары қабылданды;
- Цифрлық кодекс әзірлеу басталды;
- мемлекеттік қызметтерді толық онлайн форматқа көшіру жалғасуда.
- Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.
Өңірлік саясат: теңгерімді даму мақсаты
Президент өңірлер арасындағы алшақтықты азайтуды тапсырды.
Ел дамуы барлық аймаққа бірдей сезілуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Осы тапсырмаға сәйкес:
- 2025-2030 жылдарға арналған Өңірлік даму тұжырымдамасы бекітілді;
- өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарламалар іске қосылды.
Әлеуметтік және рухани сала: бастамалар кезең-кезеңімен іске асуда
Құрылтайда:
- «Адал азамат» тұжырымдамасы,
- балаларды қорғау,
- қоғамдық әдеп пен қауіпсіздік мәселелері көтерілген еді.
Қазіргі таңда бұл бағыттар бойынша:
- ішкі саясаттың жаңа қағидаттары бекітілді;
- тәрбие мен ұлттық құндылықтарға қатысты бағдарламалар білім беру жүйесіне енгізіле бастады.
Сондай-ақ кино саласы, жалған коучтар мен интернет алаяқтыққа қатысты да нақты шаралар қабылданып жатыр.
Алға қарай қарыштап дамуға Қазақстанның мүмкіндігі жетеді. Қазір жер шарының тұрғындары қартайып бара жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанды жас әрі білімді азаматтардың елі деп айтуға болады. Біз еліміздің әлеуетін нығайта түсуіміз керек, яғни азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын және ең бастысы, мәселені тиімді шеше алатын әлеуеті мықты ел болуымыз қажет. Сондықтан білім мен инновацияға негізделген дамыған әрі жоғары технологиялық экономика құруға тиіспіз. Мұның бәрі азаматтар үшін жасалады. Себебі адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық. Біздің ұлтымыздың арман-мұраты Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстанды құру идеясынан бастау алады. Біз баршаға және әркімге зор мүмкіндік беретін мемлекет құрып жатырмыз. Бұл – әр азамат өз қабілетін шыңдап, адал еңбегімен отбасын асырай алатын ел болу деген сөз. Заң мен тәртіп – біздің мызғымас тұғырымыз. Бұл, ең алдымен, еліміздің әр азаматына және барша халқымызға ортақ тәртіп, – деген болатын Президент Құрылтайда.