«Ұлттық құраманың нәтижесі көңілімізден шықпайды»: Министр Қазақстан футболындағы жағдайға пікір білдірді
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан ұлттық футбол құрамасының нәтижелері ведомствоны қанағаттандырмайтынын мәлімдеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Қазақстан футбол федерациясының блогерлермен не үшін жұмыс істейтіні және оларға қанша қаражат жұмсайтыны туралы да сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер ұлттық құрама күткен нәтижені көрсетпей отырған жағдайда футболды насихаттауға жұмсалатын шығындардың қаншалықты орынды екенін сұрады. Атап айтқанда, қазақстандық футболдың имиджін блогерлермен әріптестік арқылы емес, алаңдағы жеңістер арқылы көтеру тиімдірек емес пе деген сауал қойылды.
Ербол Мырзабосынов Қазақстан футбол федерациясының 2026 жылы блогерлермен жұмыс істеуге қанша қаражат жұмсағанын нақты айтпады. Алайда мұндай әріптестік демеушілер есебінен қаржыландырылуы мүмкін екенін жеткізді.
Футбол туралы жеке айтатын болсақ, егер блогерлермен әріптестік шынымен жүргізіліп жатса, ол демеушілік қаражат есебінен қаржыландырылуы мүмкін. Ал спорттың басқа түрлеріне келсек, биыл ұлттық құрамаларымыз Олимпиадалық спорт түрлері бойынша 20-ға жуық тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бұл ретте блогерлерді тартуға бюджет қаражатынан ақша бөлінбейді, – деп жауап берді министр.
«Құраманың нәтижесі көңілімізден шықпайды»
Журналистер министрден Ұлттар лигасындағы ұлттық құраманың өнеріне ведомствоның көңілі тола ма деп те сұрады.
Әрине, жоқ. Ұлттар лигасындағы өз тобында соңғы орын алған құраманың нәтижесі бізді қынжылтады әрі қанағаттандырмайды. Сондай-ақ ішкі чемпионаттағы төрешілік жағдайы да көңілімізден шықпайды, – деді Ербол Мырзабосынов.
Министрдің айтуынша, Қазақстан футболына жүйелі өзгерістер қажет. Федерация бұған дейін түрлі мамандарды шақырып, мәселелерді талдап, бас бапкерлерді ауыстырған. Дегенмен тиімді шешімдерді іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Бұл жерде жүйелі тәсіл мен сапалы сараптама қажет. Федерация түрлі мамандарды шақырып, жағдайды талдап, бас бапкерлерді ауыстырды. Қазір де жағдайды жақсарту жолдарын іздестіріп жатыр. Маусым қорытындысы бойынша біз де кемшіліктерді талдап, жұмыстың тиімді тетігін қалыптастыруға тырысамыз, – деді министр.
Оның сөзінше, негізгі бағыттардың бірі – балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту.
Мырзабосыновтың айтуынша, федерация футбол академиялары мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір Қазақстанның жеті өңірінде стадиондар салынып жатыр.
Сонымен қатар футбол клубтарын коммерцияландыру жұмыстары жалғасуда. Министрдің атап өтуінше, жеке инвесторлар командалар мен спорт инфрақұрылымын дамытуға өз қаражатын салып жатыр.