4 Қараша 2026, 15:31 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ұлттық қордың қаржысы халыққа қалай қайтуы керек? – экономист пікірі

2029 жылға дейін Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге қарастырылған. Алғашқы кезеңде 1,5 трлн теңге жұмсалып, қалған қаражат бірнеше жыл ішінде кезең-кезеңімен бағытталмақ. «Халықтық құрылыс» аясында қандай нысандарға басымдық берілуі керек және бөлінген қаржының тиімділігі қалай бағаланады? Осыған қатысты экономист Айбар Олжай пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық қордың ақшасы халыққа сапалы жол, мектеп, аурухана және үздіксіз жұмыс істейтін инфрақұрылым болып қайтуы керек. Президент Жолдауда айтқан «Халықтық құрылыс» бастамасының мәнін осылай түсінемін, – дейді экономист.

Қай нысандарға басымдық берілуі керек?

Сарапшының айтуынша, қаражатты кезең-кезеңімен бөлу жобаларды дайындық деңгейіне қарай қаржыландыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, қаржының тиімді жұмсалуы әр жобаның қаншалықты қажет екеніне де байланысты.

Президент Үкіметке жыл соңына дейін жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуді тапсырды. Құрылыс барлық өңірді қамтуға тиіс. Экономистің пікірінше, тізім жасалғанда әр өңірдің өзекті мәселесі ескерілуі керек.

Бұл жерде басымдық тұрғындардың күнделікті мұқтажына қарай белгіленуі керек. Бір жерде ауызсу желісі тозған, екінші жерде мектеп жетіспейді, үшінші жерде ауруханаға жетудің өзі қиын. Әр жобаның қажеттілігі нақты негізделсе, қаражаттың да қайтарымы болады, – дейді Айбар Олжай.

Комиссия мердігерден жауап талап ете ала ма?

Мемлекет басшысы құрылыс барысы қатаң қадағаланатынын айтты. Кейін X әлеуметтік желісінде бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссия құрылатынын хабарлады. Оның құрамына депутаттар, салалық ведомстволардың басшылары, журналистер мен қоғам белсенділері кірмек.

Айбар Олжай комиссия қаржының жұмсалуын, құрылыс сапасын және нысандардың уақытында пайдалануға берілуін қатар бақылауға тиіс деп санайды.

Меніңше, комиссияның құрамымен қатар, оның нақты құзыреті де маңызды. Кемшілікті анықтағаннан кейін оны түзетуге ықпал ете ала ма? Мерзімді созған, сапасыз салған мердігердің жауапкершілігін талап ете ме? Бақылаудың пәрмені осы тұстан көрінеді, – дейді экономист.

Құрылыс біткен соң нысан толық жұмыс істей ме?

Олжай жаңа мектепке қажет мұғалімдерді, ауруханаға қажет дәрігерлерді және инфрақұрылымды күтіп ұстауға жұмсалатын қаражатты алдын ала қарастыру керегін айтады.

Құрылыс аяқталғанымен, нысан толық жұмыс істемесе, халық күткен нәтиже шықпайды, – дейді ол.

Экономистің пікірінше, бағдарламаның нәтижесін тұрғындардың күнделікті өміріндегі өзгерістер арқылы бағалауға болады. Мәселен, жолға кететін уақыт қысқарды ма, үйге су үздіксіз келе ме, бала жақын мектепке бара ала ма, медициналық көмек қолжетімді болды ма?

«Халықтық құрылыстың» табысын игерілген триллиондармен ғана өлшей алмаймыз. Ұлттық қордан жұмсалған қаражаттың халыққа қайтқаны осындай өзгерістерден көрінуі керек, – дейді Айбар Олжай.