Ұлттық қордың қаражатын үнемдемей отырмыз
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Біз Ұлттық қордың қаражатын үнемдеп те, жинап та отырған жоқпыз. Дегенмен жинақтау қызметі Ұлттық қордың негізгі функциясы саналады. Біз әлі күнге дейін бұл тенденцияны пандемия кезінен күшейтіп алдық. Біз трансферттерді жұмсап жатырмыз, - деді Ақылжан Баймағамбетов Халықаралық валюта қорының "Өңірлік экономика келешегі: Таяу Шығыс және Орталық Азия" баяндамасының таныстырылымында.
Дегенмен оның айтуынша, мұндай саясат экономиканың жалпы сұранысына қолдау көрсетеді. Бірақ, өндіріс көлемінің артуына жол аша алмайды.
Мұндай бюджеттік саясат әрине, экономикадағы жалпы сұранысқа қолдау көрсетеді. Алайда, бұл қолдаудың айтарлықтай бөлігі өндіріс көлемінің артуына әкеле алмайды. Яғни, инфляцияны іске қосып, үдете түседі. Бұл одан кейін ұлттық валютаның құнсыздануына, өңірдегі өзге елдерге әлде қайда жоғары саналатын инфляция қарқынының артуына алып келеді, - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.