Ұлттық қордың ақшасы қайда кетеді?

Экономист Айбар Олжай 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының кіріс пен шығыс бөлігін талдап, түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, келесі жылғы республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 23,1 триллион теңге болса, ал шығыс бөлігі 27,7 триллион теңге болып бекітілді.

Арадағы 4,6 триллион теңге – бюджеттік дефицит болып тұр. Келесі жылы бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызын құрайтын болады. Ал ішкі жалпы өнім келесі жылы 183,8 триллион теңгені құрауы тиіс. Бюджет болжамында 2028 жылы қарай бюджет дефициті ішкі жалпы өнімнің 0,9%-ына дейін төмендейді деп көрсетілген екен. 2028 жылы номиналды ішкі жалпы өнім 229,8 триллион теңге болады деген болжамға сәйкес, үш жылдан кейін бюджет тапшылығы 2,1 триллион теңге болуы тиіс, - дейді сарапшы.

Егер бұл болжамдар орындалып кетсе, Қазақстан үшін әрине жағымды жаңалық болары сөзсіз.

Экономистің пайымынша, 2 триллион теңге бюджет дефициті деген Қазақстан үшін еш қиналмайтын, оңай жаба алатын көрсеткіш.

4,6 трлн теңге дефицитті қалай жабамыз?

Келесі жылдағы дефицит – 4,6 триллион теңге. Оны немен жабамыз?

Дефицитті жабу үшін Қаржы министрлігі көбіне ішкі нарықтан қарыз алады. Яғни облигацияларды биржада орналастырып, ақша тартып, сонымен дефицитті жауып отырады. Бірақ осы қарызды төлеуіміз қажет қой. Ал жыл сайын бюджеттің қарыз төлеуге бөлетін қаржысы тоқтамай өсіп келеді. Келесі жылы біз осы облигациялық қарызды қайтаруға 3,5 триллион теңге жұмсайтын боламыз, - дейді сарапшы.

Ұлттық қорға қол саламыз ба?

Ұлттық қордың ақшасы осы дефицитті жабуға жұмсала ма?

Жоқ. Бюджет деген дайын тұрған 23 триллион ақша деген сөз емес. Ондай ақша бірден топ етіп түспейді. Ал жылдың әр айларында әртүрлі мөлшермен салық жиналады. Бюджет түскен салық пен басқа да түсімдерді бірден шығыстарға жіберіп отырады. Мысалы, бірден жыл басталғанда бізде тез салық жинала қоймайды ғой. Бизнес енді бастап жатыр. Ал қаңтар айынан бастап зейнеткерлерге пенсия, мұғалімдерге айлық, студенттерге стипендия төлеу керек. Олар күтіп отыра алмайды, - дейді экономист.

Айтуынша, дәл сол кезде Ұлттық қордың ақшасы бюджетке бірден жыл басында керек болады.

Әлеуметтік төлемдерге қаржы қайдан алынады?

Белгілі болғандай, келесі жылы 27,7 триллион теңге жұмсалады.

Ең үлкен шығын – әлеуметтік төлемдер. Ол тікелей нақты бір адамға түсетін төлемдер. Яғни зейнетақы, стипендия, АӘК, жәрдемақы, жөргекақы, мүгедектерге төлемдер, басқа да түрлі әлеуметтік төлемдер. Осы бағытқа 6,8 триллион теңге жұмсалады. Енді содан 20,9 триллион теңге қалды. Екінші үлкен шығын – өңірлерге субвенция. Яғни өзін-өзі асырай алмайтын өңірлерге республикалық бюджет ақша жіберіп отырады, - деді Айбар Олжай.

Айта кетерлігі, Қазақстанда өзін асырайтын және донор болып керісінше бюджетке беретін тек Алматы, Астана қалалары мен Атырау облысы ғана. Қалған барлық өңірлер бюджетке бағынышты. Осы өңірлерге субвенция ретінде 5,1 триллион теңге беріледі.

Экономист қалған 15,8 триллион теңгенің қайда жұмсалынатынын да айтты. Оның ішінен 2,9 триллион теңге қорғаныс пен құқық қорғау бағытына бөлінді. Яғни армия, полиция, прокурорлар, соттар, кұштік құрылымдар бір жылда осынша қаржыны талап етеді. 

12,9 триллион теңге қалыпты. 2,7 триллион теңге денсаулық сақтау саласына беріледі. Сондай-ақ келесі жылдан бастап осы саланы сақтандыру форматына ауыстыру бойынша шаралар жоспарланған, - деді Айбар Олжай.

Ал қалған 10,2 триллион теңгенің де жұмсалатын жері белгіленген.

Мемлекеттік аппаратты, яғни министрліктер, орталық органдарды, президент әкімшілігі жұмысына, Қазақстанды халықаралық ұйымдарда өкілдік етуіне 1 триллион теңге бағытталады. 811 миллиард теңге білім беру саласына жұмсалады. 70,6 миллиард коммуналды шаруашылыққа, спорт, мәдениет пен ақпаратқа 231 миллиард теңге, ауыл шаруашылығы мен экологияға 700 миллиард теңге, өндіріс, құрылыс пен архитектураға 31 миллиард теңге, транспорт пен коммуникацияға 880 миллиард теңге және 2,5 триллион теңге басқа да шығындарға деп көрсетілген. Оған қарызды қайтаруға керек 3,5 триллион теңгені қосыңыз, - деп түсіндірді экономист.

Бұған дейін ол Қазақстанның табысы мен шығыны қандай болтынын айтқан еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы