Ұлттық қордан триллиондар шашылды, енді тоқтайды – Жұманғарин

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет сағатында пандемия жылдарында бюджет тапшылығының күрт артқанын және Ұлттық қор қаражатының мол көлемде жұмсалғанын айтты.

Пандемия кезінде бюджет шығыстары 7-8 трлн теңгеге өсті. Небәрі 2-3 жылда дефицит көлемі осындай болды. Яғни дефицитті өсірдік, содан кейін Ұлттық қордан қаражатты аямай алдық. 2020 жылдан бастап қордан алынатын қаражат 5 трлн теңгеден түспеді, – деді ол.

Министрдің айтуынша, 2025 жылдан бастап Ұлттық қордан мақсатты трансферттер алынбайды. Заңға сәйкес, енді жыл сайынғы 3,2 трлн теңге көлеміндегі трансферт Ұлттық банкте қала береді. Бұл қадам қор ресурсын тиімді сақтауға бағытталған.

Серік Жұманғарин трансферттердің неге күрт артқанын түсіндірді:

Неге бұл қаражат өсіп кетті? Себебі пандемия кезінде өңірлерде жарты жыл бойы ештеңе дұрыс істеген жоқ. Адамдар үйде отырды. 42 мың теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсеттік. Экономика тоқтап қалды. Содан азаматтарды қолдау үшін барымызды шаштық, – дейді ол.

Сондай-ақ ол 2022 жылы айлықтардың күрт өскенін, инфляция 22%-ға дейін шарықтап, жалақы индексацияланғанын айтты. Бұдан бөлек, инфрақұрылымдық жобаларға да қомақты қаржы бөлінген.

Қазір бюджеттің жағдайы өте қиын. Біз қазір бәрін қойып, 1 трлн теңгені “Бәйтерек” холдингінің капитализациясына салып жатырмыз. Ол осы қаражатты 8 трлн теңгеге дейін ұлғайтып, займ түрінде экономикаға бағыттайды. Бұлай жасамасақ, экономикалық өсім болмайды, – деді Жұманғарин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкімет баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы