Ұлттық қордағы 100 млрд доллар межесі 2030 жылдан кейін орындалуы мүмкін – Әмрин
Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға жеткізу міндеті 2030 жылға қойылғанымен, бұл межеге сәл кейінірек жету ықтимал. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Шынымен де, мұндай міндет 2030 жылға дейін қойылған. Осы мақсатқа жету үшін біз тиісті формулаларды әзірледік. Жалпы, нысаналы трансферттерге қаражат бөлінгеніне қарамастан, кірістер мен шығыстар арасындағы теңгерімді сақтауға тырыстық. Біз Ұлттық қордың қаражатын да ескереміз. Өйткені бүгінгі қаражатты толық жұмсап жібермей, оны болашақ ұрпақ үшін де сақтауымыз қажет. Жыл сайын түсім көлемі артып келеді. Бірақ осы қаражаттың есебінен болашақ ұрпаққа қажетті нысандарды да салуға мүмкіндік бар», – деді Әмрин.
Вице-министрдің айтуынша, Ұлттық қор қаражаты есебінен денсаулық сақтау саласындағы жобалар, тұрғын үйлер, мәдениет және спорт кешендері сияқты халыққа қажетті әлеуметтік нысандар салынады.
«Қазір Ұлттық қордың активтері шамамен 85 млрд долларға жетіп отыр. Егер осы көрсеткіштерді ескермесек, алдымызда басқа міндет тұрар еді. Мысалы, 87 млрд доллар көлеміндегі активті жинақтап, осы межеге жетуге болар еді. Алайда Ұлттық қорда айтарлықтай қаражат бар екенін ескеру қажет. Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қоры. Сонымен бірге бұл қаражаттың бір бөлігін қазіргі ұрпақ үшін де маңызды нысандарға бағыттауға болады. Қазір бізде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде денсаулық сақтау саласының нысандары, спорт кешендері және басқа да әлеуметтік объектілер бар. Бұлар – адам капиталына тікелей әсер ететін, бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін маңызды жобалар», – деді Әмрин.
Оның сөзінше, Үкімет Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға жеткізу мақсатынан бас тартпайды.
«Бірақ бұл 2030 жылға дәл келмеуі мүмкін, межеге сәл кейінірек жетуіміз ықтимал. Дегенмен осы бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Тағы бір маңызды мәселе бар. Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін түсімдерден бөлек, оның активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кіріс те бар. Бұл кірістілік жыл сайын өсіп келеді. Ұлттық қор активтерінің құрылымы өзгертіліп, кірістілікті арттыруға бағытталған неғұрлым белсенді саясат жүргізілуде. Мәселен, шамамен 1,5 трлн теңге көлемінде түсім түссе, инвестициялық кірістілік те оған айтарлықтай жақындап, шамамен 1,4 трлн теңгеге жетіп отыр. Бұл Ұлттық қор активтерін тиімді басқарудың нәтижесі. Осы бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасады. Жалпы мақсатымыз – Ұлттық қордың активтерін 100 млрд долларға жеткізу», – деп түсіндірді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Ұлттық қорындағы ақша 2029 жылы қанша миллиард долларға жететіні айтылды.