Ұлттық қор, тегін тамақ және жазғы демалыс: Қазақстан балаларына қандай жағдай жасалған?
Қазақстанда балалар саны 6,9 миллионнан асты. Мемлекет білім беру, әлеуметтік қолдау, қауіпсіздік және денсаулық сақтау бағыттарында жаңа бастамаларды іске асырып жатыр.
Қазақстанда балалар саны 6,9 миллионнан асты. Соңғы он жылда бұл көрсеткіш шамамен 1,5 миллионға көбейген. Осыған байланысты мемлекет балалардың білім алуына, денсаулығын сақтауға, әлеуметтік қорғалуына және қауіпсіздігіне бағытталған жаңа бағдарламаларды іске асырып жатыр. BAQ.KZ тілшісі Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында еліміздегі балаларға жасалып жатқан мүмкіндіктерге шолу жасады.
Қазақстанда 6,9 миллионнан астам бала тұрады
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, бүгінде елде 6 902 492 бала бар. Бұл – Қазақстан халқының шамамен үштен бірі.
Демографиялық өсім жоғары болғандықтан, мемлекет тарапынан қолдауды да күшейту қажет. Осы мақсатта биыл 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды.
Құжат алғаш рет балалардың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғалу және қауіпсіз ортада өмір сүруіне қатысты барлық мемлекеттік бағдарламалар мен шараларды бір жүйеге біріктірді. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әрбір баланың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасап, олардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай әрі тиімді жүйесін қалыптастыру.
Әр балаға қордан ақша аударылады
Балаларды қаржылай қолдаудың негізгі жобасы – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың жеке шоттарына аударылады. Егер 2024 жылы әр балаға 100,52 АҚШ доллары есептелсе, 2026 жылы бұл сома 130,71 долларға жетті.
Биыл бұл бағдарламаға 6,9 миллионнан астам бала қатысып, шоттарға 900 миллион доллардан астам қаражат бөлінді. Жиналған қаражатты балалар 18 жасқа толған соң білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады.
Сонымен қатар мемлекет «Келешек» ерікті жинақтау жобасын іске асырып жатыр. Бұл бастама балалардың болашақта жоғары білім алуына немесе баспаналы болуына көмектеседі.
Білім беру саласында қандай өзгерістер бар?
Білім беру жүйесінде де бірнеше маңызды жаңалық бар:
Тегін ыстық тамақ. Қазір республика бойынша 1,7 миллион оқушы (барлық бастауыш сыныптар мен әлеуметтік осал топтағы балалар) мектепте тегін тамақтанады. 2025 жылдан бастап жаңа тамақтану стандарты енгізіліп, қауіпсіздік талаптары күшейтілді.
Инклюзивті білім. Мектептердің 90 пайыздан астамында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін жағдай жасалған.
Ауыл мен қала теңдігі. Сапа алшақтығын азайту үшін «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Тәрбие жұмысы. Мектептерде «Адал азамат» бағдарламасы енгізіліп, балалардың бойына әділдік, еңбекқорлық, заңға құрмет, отаншылдық және жауапкершілік құндылықтары сіңіріліп жатыр.
Қосымша білім беру мүмкіндіктері кеңейіп келеді
Мемлекет балалардың тек мектептегі білім алуына ғана емес, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде үйірмелер мен спорт секцияларының желісі кеңейтіліп, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жағдай жасалып жатыр.
Балалардың қауіпсіздігі қалай қорғалып жатыр?
Соңғы жылдары балалар құқығын қорғайтын заңдар айтарлықтай күшейтілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтетін 10 заң қабылданды. Зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидаты енгізіліп, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік қатаңдатылды.
Тек 2025 жылдың өзінде балалардың құқықтарын қорғау саласына қатысты бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді, өңірлік балалар құқықтарын қорғау органдарының мәртебесі мен функциялары нақтыланды, қорғаншыларға қойылатын талаптар күшейтілді.
Сондай-ақ еліміздегі барлық мектептер «Қауіпсіздік сабақтарымен» қамтылып, QR-111 жүйесіне қосылды.
Буллингпен күрес
Мектептердегі әлімжеттік пен кибербуллинг әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты мектептерде 70 мыңға жуық оқушыны қамтыған «ДосболLIKE» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар мамандар үшін «Буллингке кәсіби әрекет ету: кейстерді талдау» әдістемелік құралы әзірленген.
Әлімжеттілікке ұшырамау үшін баланың өзіне деген сенімділігі мен жауапкершілігін ояту керек. Баланы кітап оқуға, спортпен айналысуға, саяхаттауға және өзін дамытуға бағыттау маңызды, - деді психолог Айгүл Асқарқызы.
Бүгінде еліміздің барлық өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары жұмыс істейді. Сонымен қатар бала құқықтары жөніндегі уәкілдер институтының өкілеттігі кеңейтілді.
Енді олардың өкілдері балалар орналасқан барлық мекемелерге, соның ішінде жабық ұйымдарға да кедергісіз кіре алады. Бұл буллинг, зорлық-зомбылық және қатыгездік фактілеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Интернет қауіпсіздігі неге маңызды?
Қазіргі балалардың өмірін смартфонсыз елестету қиын. Алайда психолог Айгүл Асқарқызы интернеттегі ақпараттың шамадан тыс көп болуы бала психологиясына кері әсер ететінін айтады.
Гаджеттерге тәуелділік зейіннің шашырауына, эмоционалдық әлсіздікке және өмірге деген қызығушылықтың төмендеуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар баланың виртуалды әлемде ғана емес, шынайы өмірде белсенді болуын қадағалауы қажет, – дейді маман.
Психологиялық көмекке сұраныс артып келеді
Балалар арасындағы алаңдаушылық пен күйзеліс мәселесін шешу үшін еліміздің барлық өңірінде Психологиялық қолдау орталықтары ашылған.
2025 жылы бұл орталықтарға 38 мың бала жүгінсе, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 6 333 бала мен 3 421 ата-ана кәсіби көмек алған.
Мамандардың айтуынша, бала психологиясы негізінен 3 пен 7 жас аралығында қалыптасады. Сондықтан осы кезеңдегі эмоционалдық жарақаттар баланың болашақ өміріне елеулі әсер етуі мүмкін.
Ауыл мен қала балаларының мүмкіндігі бірдей ме?
Сарапшылардың пікірінше, ауыл мен қала балаларының психологиясында үлкен айырмашылық жоқ. Дегенмен қалалық жерде музейлер, шығармашылық орталықтар мен түрлі үйірмелер әлдеқайда қолжетімді.
Психологтардың байқауынша, ауыл балаларының еңбекке ерте араласуы олардың жауапкершілігі мен психологиялық төзімділігінің ерте қалыптасуына ықпал етеді.
Жетім балалар саны азайып келеді
Қазақстанда балалар үйлерін қысқарту және балаларды отбасылық тәрбиеге беру саясаты оң нәтиже беріп жатыр.
Қазір елде 20 178 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала тіркелген. Оның 16 294-і қазақстандық отбасыларда тәрбиеленіп жатыр.
Жыл сайын қазақстандықтар мыңнан астам баланы өз отбасына қабылдайды. Соның нәтижесінде соңғы он жылда балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны екі есеге жуық азайып, 7 мыңнан 3,8 мың балаға дейін қысқарған.
Қамқоршылық органдарының жұмысы күшейтілді
Балалардың құқықтарын қорғау және отбасылық тәрбие институтын дамыту мақсатында қамқоршылық және қорғаншылық органдарының әлеуеті күшейтілуде.
Соңғы жылдары бұл саладағы мамандар саны 303-тен 1029 адамға дейін көбейген. Бұл балалардың құқықтарының сақталуын бақылауды күшейтіп, қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасыларға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Балалардың жазғы демалысы мен қауіпсіздігі
Биыл балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаз мезгілінде еліміз бойынша 11 135 демалыс орталығы жұмыс істейді. Нәтижесінде 3,2 миллион бала демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылмақ.
Оның ішінде 44 мыңнан астам бала жыл бойы жұмыс істейтін 20 сауықтыру орталығында демалса, 168 мың бала 187 маусымдық лагерьде жазғы демалысын өткізеді. Ал 2,99 миллионға жуық оқушы мектептер мен мектептен тыс ұйымдар жанынан ұйымдастырылатын 10 928 демалыс алаңында түрлі сауықтыру және танымдық бағдарламаларға қатысады.
Балаларды жазғы демалыспен қамту көрсеткіші Павлодар, Қызылорда, Абай және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында жоғары деңгейде қалыптасқан.
Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі басты назарда болады. Әсіресе судағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, елімізде 50 құтқару станциясы мен 169 мобильді құтқару бекеті жұмыс істейді. Жыл басынан бері құтқарушылар 8 мыңнан астам баланы жүзуге үйретіп, судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірген.
Соңғы жылдары Қазақстанда балаларды әлеуметтік қолдау, сапалы білім беру, құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді.
Балалар санының тұрақты өсуі мемлекетке үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан балалардың білім алуына, денсаулығына, әлеуметтік қорғалуына және қауіпсіздігіне бағытталған бастамалар алдағы жылдары да мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала бермек.
Аида Шакибекова