Ұлттық қор өсіп жатыр, бірақ қауіп бар: Экономист басты тәуекелді атады
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Ұлттық қорының валюталық активтері 65,5 млрд долларға жетті. Екінші тоқсанда қор активтері 3,1 млрд долларға ұлғайса, инвестициялық кіріс 2,92 млрд доллар болды.
Ұлттық қордың қазіргі көлемі Қазақстан үшін жеткілікті ме және одан қаражат алу қай кезде экономикаға қауіп төндіре бастайды? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне экономист, R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов айтып берді.
Сарапшының пікірінше, Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың өзін бірден теріс құбылыс деп бағалауға болмайды. Өйткені қордың негізгі міндеттерінің бірі – экономика қиындыққа тап болған кезеңде елге қаржылық қолдау көрсету.
«Ұлттық қор экономика үшін күрделі кезеңдерде, белгілі бір проблемалар туындаған кезде оның қаражатын пайдалану үшін де құрылған», – деді Байғанов.
Алайда экономист жағдайды бір жылдың көрсеткішімен емес, орта мерзімді кезеңдегі динамикамен бағалау қажет деп санайды. Егер қор көлемі жыл сайын тұрақты түрде азайып, одан алынатын қаражат түсімнен асып кетсе, бұл алаңдататын белгі.
«Егер Ұлттық қордың көлемі жылдан-жылға қысқарып отырса, бұл – жағымсыз сигнал. Яғни біз қорға түсіріп жатқан қаражатымыздан трансферт түрінде көбірек ақша алып жатырмыз. Басқаша айтқанда, аз тауып, көп жұмсаймыз. Мұндай үрдіс жалғаса берсе, экономикада бәрі бірдей жақсы емес екенін көрсетеді», – деді экономист.
Айта кетейік, 2026 жылға Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт көлемі 2,77 трлн теңге болып бекітілген. Қаржы министрлігінің дерегінше, 1 шілдеге дейін оның 1,86 трлн теңгесі аударылған. Биылғы бюджетте Ұлттық қордан нысаналы трансферттер қарастырылмаған.
Ұлттық қордағы 65 млрд доллар көп пе, аз ба?
Ұлттық қордың валюталық активтері 65 млрд доллардан асқанына қарамастан, Арман Байғанов қазіргі жинақтау қарқыны жеткіліксіз деп есептейді.
Ол мысал ретінде әлемдегі ең ірі егемен қорлардың бірі саналатын Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қорын келтірді.
«Меніңше, Ұлттық қордағы қаражатты жинақтаудың қазіргі қарқыны жеткіліксіз. Мысалы, халқы шамамен 5 миллион адам болатын Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қорындағы активтер триллиондаған доллармен есептеледі. Соған қарағанда біздің Ұлттық қордың көлемі салыстырмалы түрде шағын. Дегенмен мұндай ұлттық қор барлық мемлекетте бірдей бар екенін де ұмытпауымыз керек», – деді сарапшы.
Байғановтың пікірінше, мәселе Ұлттық қордан қаражат алуды шектеумен ғана шешілмейді. Қордың өзін де ұлғайту қажет.
Оның өсу көздерінің бірі инвестициялық кіріс болуы тиіс. Ұлттық қор қаражаты акциялар, облигациялар және ақша нарығының құралдары секілді түрлі қаржы активтеріне инвестицияланады.
«Инвестициялық саясаттың тиімділігін арттыру арқылы да қор активтерін көбейткен жөн. Ұлттық қордың қаражаты бағалы қағаздар мен мемлекеттік облигацияларды қоса алғанда, түрлі қаржы құралдарына салынады», – деді Байғанов.
Экономиканы әртараптандыру не береді?
Ұзақ мерзімде Ұлттық қордың тұрақтылығы оның инвестициялық табысына ғана емес, жалпы экономиканың жағдайына да байланысты.
Экономиканы әртараптандыру бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін төмендетіп, Ұлттық қор қаражатына тұрақты түрде жүгіну қажеттілігін азайтуы мүмкін.
Байғановтың айтуынша, Қазақстанға кіріс көздерін көбейтіп, экономиканың жекелеген салаларға тәуелділігін төмендету қажет.
«Ұлттық қордың алдағы уақытта қаншалықты толығатыны, ең алдымен, экономиканың даму қарқынына байланысты болады. Экономика неғұрлым белсенді әртараптандырылса, Ұлттық қорға түсетін қаражатты арттыруға соғұрлым көп мүмкіндік пайда болады. Түптеп келгенде, бәрі экономиканың жағдайы мен даму қарқынына байланысты», – дейді ол.
Экономистің пікірінше, күрделі кезеңдерде Ұлттық қор қаражатын пайдалану орынды. Алайда қордан алынатын қаражаттың түсімнен үнемі асып кетуі және жинақ көлемінің тұрақты қысқаруы экономикадағы әлдеқайда терең мәселелердің белгісі болуы мүмкін.