Бүгiн 2026, 14:25 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы: 900 миллион доллардан астам қаражат аударылды

Бағдарлама аясында бала басына берілетін жылдық төлем 100,52 доллардан 130,71 долларға артты.

Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасып жатыр. 2026 жылы балалардың жеке шоттарына Ұлттық қордың инвестициялық табысынан 900 миллион доллардан астам қаражат аударылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 6,9 миллионнан астам бала тұрады. Соңғы он жылда олардың саны шамамен 1,5 миллион адамға көбейген. Қазіргі уақытта балалар ел халқының шамамен үштен бірін құрайды.

Негізгі құралдардың біріне айналған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында Қазақстан азаматтарының шоттарына олар 18 жасқа толғанға дейін жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы аударылып тұрады. Ведомство өкілдері атап өткендей, бағдарлама іске қосылған алғашқы жылы, яғни 2024 жылы әр балаға 100,52 АҚШ долларынан есептелген болатын. Ал 2026 жылы аударым мөлшері бір балаға шаққанда 130,71 АҚШ долларына дейін ұлғайды.

Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша елімізде 6,9 миллионға жуық бала төлем алды. Олардың жеке шоттарына бөлініп, аударылған инвестициялық табыстың жалпы көлемі 900 миллион АҚШ долларынан асты.

Оқу-ағарту министрлігі «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасымен қатар елімізде «Келешек» ерікті жинақтау жобасы да жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Қос механизм де балалардың болашағы үшін қаржылық база құруға бағытталған.

Мемлекет ұсынған бұл екі механизм еліміздегі миллиондаған балаға кәмелеттік жасқа толғаннан кейін сапалы білім алуға, лайықты мамандық иесі атануға немесе тұрғын үй мәселесін дербес шешуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті ведомстводан.

Ұзақмерзімді жинақ бағдарламаларын іске асыру жас қазақстандықтарды қолдаудың және олардың ересек өмірдегі қаржылық мүмкіндіктерін арттырудың негізгі құралдарының бірі ретінде қарастырылады.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк ерекше балалардың Ұлттық қордағы ақшасын кім басқара алатынын айтты. 

Тұрғын үй мен білім: Қазақстандықтар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасынан қанша ақша жұмсады?

Аймағамбетов балалардың шотындағы ақша көбейіп жатқанын айтты

"Ұлттық қор – балаларға" аударымдары eGov-тан жоғалып кетті: БЖЗҚ не істеу керегін түсіндірді