"Ұлттық қор – балаларға": 6,9 млн бала алғашқы жинақтарын алды

Сенат Аппаратының басшысы Максим Споткай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған негізгі реформаларының нәтижелеріне пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Реформалар халыққа айтарлықтай нәтиже берді. Мұнда миллиондаған қазақстандықтың күнделікті өміріне әсер ететін нақты өзгерістер туралы сөз болып отыр, – деді ол.

Максим Споткай ең алдымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын мемлекет тарапынан әлеуметтік жауапкершіліктің түбегейлі жаңа үлгісі ретінде атап өтті.

Еліміз тарихында алғаш рет табиғи ресурстарды пайдаланудан түскен табыстың бір бөлігі 2006 жылдан бастап туған балалардың арнайы жинақ шоттарына жыл сайын аударылуда. Бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарында іске қосылды. Екі жыл ішінде оның қатысушылары 6,9 миллионнан астам бала болды. Жинақталған жалпы сома – 1,5 млрд АҚШ доллары. Екі жыл қатарынан төлем алған балалардың шотында орта есеппен 232,94 доллар жиналды. Өткен жылы 304 815 жас 18 жасқа толып, бұл қаражатқа қол жеткізді. Оларға жалпы сомасы 30,6 млн доллар төленді. Бұл қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға болады. Яғни бұл – жастар мен адами капиталға ұзақ мерзімді инвестиция, – деді ол.

Екінші бағыт ретінде ол әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды атады:

Соңғы жылдары ұлттық жобалар аясында жүздеген мектеп, аурухана, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда. «Комфортты мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» секілді ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл – елдің түкпір-түкпіріндегі жүздеген елді мекенді қамтитын, білімге, медицинаға және даму мүмкіндіктеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың мысалы, - деп қосты ол.

Максим Споткай жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде де елеулі өзгерістер болғанын атап өтті.

Ауылдық округтер мен аудандар әкімдерін тікелей сайлау – саяси жаңғыртудың маңызды кезеңі болды. Азаматтар тек дауыс беріп қана қоймай, өз аймағын кім басқаратынына нақты ықпал ете алатын мүмкіндікке ие болды. Соның нәтижесінде ауыл әкімдерінің құрамы 70%-дан астам жаңарды. Тағайындалған әрбір үшінші әкім бұрын мемлекеттік басқару жүйесінде жұмыс істемеген. Бұл – кадрлық жаңарудың айқын көрінісі, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы