Ұлттық қор ақшасын қазақстандықтар қалай пайдаланып жатыр?

Балалардың БЖЗҚ-дағы шоттарына «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында Ұлттық қордың жинақтары мен инвестициялық кірісі есептелді. Биыл әрбір балаға 130,71 АҚШ доллары мөлшерінде қаражат түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Есептелген соманы eGov mobile қосымшасынан, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларынан, сондай-ақ БЖЗҚ-ның ресми kids.enpf.kz сайтынан тексеруге болады.

18 жасқа толғандар қаражатты бірден пайдалана алады

Отбасы банктің ақпаратынша, 18 жасқа толған қазақстандықтар Ұлттық қордан бөлінген қаражатты бірден пайдалана алады. Айта кетейік, биылғы сома алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоғары. Бағдарлама іске асқан үш жыл ішінде бір баланың шотында 370,56 АҚШ доллары жинақталған.

Бұл қаражатты екі мақсатта пайдалануға рұқсат етіледі:

  • тұрғын үй жағдайын жақсарту;
  • білім ақысын төлеу.

Қаражаттың басым бөлігі депозитке бағытталған

Өтінімдер «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы — «Отбасы банктің» enpf-otbasy.kz онлайн платформасы арқылы беріледі. Соңғы екі жылда платформада жалпы сомасы 29,7 млн АҚШ долларын құрайтын 187 688 өтінім мақұлданған.

Ең көп таңдалған бағыт — «Отбасы банкіндегі» депозиттерді толықтыру. Осы мақсатта 112 818 өтінім өңделіп, нәтижесінде депозиттерге 9,1 млрд теңге бағытталды.

Сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын тұрғын үйді несиеге алу кезінде бастапқы жарна ретінде немесе баспананы толық сатып алу құнына қосуға болады.

Білім беру саласында қазақстандықтар Ұлттық қор қаражатын:

  • Қазақстандағы оқу ақысын төлеуге;
  • «AQYL» білім беру депозитін толықтыруға;
  • бұрын рәсімделген оқу несиесінің бір бөлігін өтеуге пайдаланып жүр.

Алайда көптеген азамат бұл қаражатты әлі пайдаланбаған. Ол БЖЗҚ-дағы шоттарда сақтаулы, бірақ инвестициялық кіріс есептелмейді. Егер қаражат 10 жыл ішінде қолданылмаса, ол автоматты түрде зейнетақы шотына аударылады.

Қаражатты қалай аударуға болады?

enpf-otbasy.kz платформасына ЭЦҚ арқылы кіріп:

  1. ағымдағы шот ашу;
  2. БЖЗҚ-дан қаражат алу жөнінде өтінім беру;
  3. қаражатты пайдалану мақсатын таңдау қажет.

Қаражат шотқа түскен соң, мақсатты пайдалануды растайтын құжаттар тіркеледі. Банк тексеріс жүргізіп, оң шешім қабылданған жағдайда қаражат белгіленген бағытқа аударылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы