Ұлттық қор активтерін басқару тұжырымдамасы әзірленді

Қазақстан Ұлттық банкі Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоба Ашық НҚА порталына орналастырылды.

Құжат Президент Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында әзірленді және Ұлттық қордың активтерін басқару процесін реттейді.

ҚҰБ әзірлеген Тұжырымдама инвестициялық саясатты, Ұлттық қордағы активтерді басқарудың негізгі қағидаттары мен тәсілдерін айқындайды. Өз кезегінде Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану, яғни, мемлекеттік қаржыны басқару мәселелері МҚБТ ережелерімен айқындалады және реттеледі.

Тұжырымдамада активтерді стратегиялық аллокациялауды жүзеге асыру үшін қажетті Ұлттық қор қаражатын ұзақмерзімді инвестициялау қағидаты белгіленген. Бұл тәуекелді және қорғаныс активтер класын құрамдастырып қолдануға мүмкіндік береді. Ұлттық қордағы жинақ портфелінің үлесі келесідей бөлінеді: 60% – облигациялар, 30% – акциялар, 5%-ға дейін – балама құралдар және 5%-ға дейін – алтын, - делінген хабарламада.

Жаңаша бөлу облигациялар портфелін дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларына, корпоративтік облигацияларға және дамушы елдердің мемлекеттік облигацияларына да әртараптандыруды көздейді.

Сонымен қатар, Тұжырымдама инвестициялық процестің негізін қалайды және Ұлттық қордағы активтерді басқару тиімділігінің көрсеткіштерін анықтайды. Құжатта белгіленген қағидаттар мен тәсілдер инвестициялық портфельді әртараптандыру, қорғаныс стратегиялары мен факторлық инвестицияларды, соның ішінде ESG қолдануды қоса алғанда, негізгі стратегиялар мен құралдарды айқындау арқылы Ұлттық қордың кірістілігін арттыруға бағытталған.

Осылайша, Тұжырымдаманы әзірлеудегі мақсат – ҚҰБ-тың ұзақмерзімді институционалдық инвестор ретіндегі мәртебесін растау үшін қажетті іргетасты нығайту және негіздерді бекіту. Тұжырымдаманы іске асыру, яғни, онда белгіленген шектеулерді, қағидаттар мен тәсілдерді сақтау 2030 жылға қарай 100 миллиард АҚШ долларын жинақтау мақсатына қол жеткізуге және «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының табысты жұмыс істеуіне ықпал етеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы